Келесі жылы информатика пәні 1-сыныптан оқытылады - министрлік

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдан бастап информатика пәні 1-сыныптан оқытылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы Үкімет сағатында Білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017-2019 жылдары барлық мектепті кең жолақты интернетке тегін қосуға  қаржы қарастырылған. Бұл ретте кейбір өңірлерде мектептердің кабельдік интернетке қосылмауына байланысты 2017 жылы 2756 мектеп, 2018 жылы 460 мектеп спутник байланысы арқылы интернетпен қамтамасыз етілді. Білім беруді цифрландыру аясында мектептердің 95 пайызы интернетке қосылатын болады», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Оқушылар сарайлары мен  3 мың мектепте робототехника бойынша элективті курстар енгізілді. Робототехника кабинеттерін жабдықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр. 

«Биыл информатика пәні 3-сыныптан басталды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында информатика сабағы келесі жылдан бастап 1-сыныптан оқытылады. Олардың бағдарламасы дайындалып жатыр. Сонымен қатар барлық өңірде 21 ІТ-лицей ашылды»,- деді Элмира Суханбердиева.

Еске салайық, Астанада өткен «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев информатика пәні 1-сыныптан бастап оқытылуы мүмкіндігін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар