Келесі жылы игерусіз жатқан 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр 2023 жылы пайдаланылмай жатқан 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пайдаланылмаған және заң талабына қайшы берілген 5 миллион гектар жерді жыл соңына дейін қайтару туралы Президент тапсырмасы бар. Бұл тапсырма орындалды. Келесі жылы да соншама жер мемлекетке қайтарылады», - деді Р. Скляр.

Сонымен қатар ол жайылым тапшылығы мәселесіне тоқталды.

«Мемлекетке қайтарылған, мемлекет мұқтажы үшін алынған жерлер есебінен ауылдардың шекарасы кеңейіп келеді. Жайылымдық жерді кеңейту үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарымен олардың жайылымдық жерлерін уақытша пайдалану туралы меморандумдар жасалып келеді. Жеке қосалқы шаруашылықтарға да жайылым беру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл игерілмей жатқан 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар