Келесі жылы елордада әскери парад өткізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа келесі жылы елордада Жеңістің 75 жылдығы және Отан қорғаушы күніне арналған Әскери парадтың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат elbasy.kz-ке сілтеме жасап.

«Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады. Кездесу барысында Елбасына еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің бөлімшелері мен құрамаларының жауынгерлік даярлығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа осы уақытқа дейін өткізілген және жыл соңына дейін жоспарланған ауқымды жаттығулар туралы ақпарат берілді.

Кездесуде басшылық лауазымдардың санын қысқарту және басқару құрылымын оңтайландыру бойынша жұмыс нәтижелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті келесі жылы елордада ҰОС-дағы Жеңістің 75 жылдығы және Отан қорғаушы күніне арналған Әскери парадтың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев отандық қорғаныс өнеркәсібінің Қорғаныс министрлігінің мүддесіне сай сапалы жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Нұрлан Ермекбаев Қазақстан армиясының құрылыс және даму бағдарламаларының орындалуы туралы баяндады. Қорғаныс министрінің ақпараты бойынша қазіргі уақытта әскери техниканың заманауи үлгілері және жүйелерімен жабдықтау жалғасуда, Қарулы Күштерді жан-жақты қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілуде, оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтау бойынша шаралар қабылдануда.

Соңғы жаңалықтар