Келесі жылы Беларусьте ҰҚШҰ-ның бірлескен жаттығулары өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бітімгершілік күштердің қазіргі контингенті кез келген қауіп-қатерге қарсы тұра алады. Бұл пікірді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Станислав Зась айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Sputnik» ақпараттық агенттігінің баспасөз орталығында бейнекөпір форматында өткен баспасөз мәслихатында ҰҚШҰ Бас хатшысы ұйымның өткен жылғы қызметінің қорытындылары, Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің Ереванда өткен кезекті сессиясының нәтижелері туралы айтып берді.

Журналистер сұрағына жауап бере отырып, С. Зась бітімгершілік күштердің қазіргі контингенті кез келген қауіп-қатерге қарсы тұруға жеткілікті екенін атап өтті.

«Сонымен бірге, біз қажет болған жағдайда бітімгершілік күштеріміздің үлкен тобын да жедел түрде тасымалдай алатынымызды жақсы түсінеміз. Ол үшін бізде бәрі бар», - дейді ҰҚШҰ Бас хатшысы.

С.Зась 2023 жылы Беларусь аумағында ҰҚШҰ-ның бірқатар бірлескен жаттығулары өтетінін еске салды. Оның айтуынша, оқу-жаттығу барысында ұйымды нығайту, оның жауапкершілік аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлігін арттыру және олардың арасындағы қайшылықтарды реттеу бойынша маңызды іргелі міндеттер шешіледі.

«Алғаш рет туындаған проблемаларды реттеу және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында тұрақсыздандыруға жол бермеу маңызды басымдық ретінде тұжырымдалып отыр», - деді Станислав Зась.

Айта кетейік, Қазақстанда әр жылдары Үкімет басшысы, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің басшысы секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарған Иманғали Тасмағамбетов 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы болады және бұл қызметті үш жыл атқарады.


Соңғы жаңалықтар