Келесі жылы Астана күні мерекесіне орай демалыс күндерінің кестесі өзгермек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Келесі жылы 1 шілде, сенбі - жұмыс күні, ал 7 шілде, яғни жұма күні демалыс болуы мүмкін. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Еңбек кодексінің 85-бабының 3-тармағына және 84-бабының 5-тармағына сәйкес, көзделген демалыс күндерінде жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Үкімет демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.

Осыған байланысты демалыс күні 2023 жылғы 1 шілде, сенбіден 2023 жылғы 7 шілде, жұма күнге ауыстырылсын», - деп көрсетілген Үкімет қаулысында.

Айта кетейік, мұндай бастама 6 шілде болатын Астана күні мерекесінде берілетін демалыс күндерін тиімді ұйымдастыру үшін ұсынылып отыр.

Құжатты ашық талқылау 15 қарашаға дейін жалғасады.

Қоса кетсек, бұған дейін Қазақстанда IT мамандардың мерекесін бекіту ұсынылған болатын. Атап айтсақ, Цифрлық даму министрлігі 10 қараша күнін цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні мерекесі етіп жарияламақ.


Соңғы жаңалықтар