Келесі жылы Алматыда 575 «Сергек» камерасы орнатылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қала тұрғындары мен аудан әкімдіктерінің сұранысы бойынша 2023 жылы «Сергек» бейнекамераларының санын 575-ке ұлғайту жоспарланды. Бұл туралы мәслихат сессиясында қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, 2023 жылы Алматыда 575 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені (АБК) іске қосылады, оның ішінде ақпан айында – 100 АБК, наурыз айында – 150 АБК.

«Бұл бастама Алматы қаласының жолдарындағы өлім-жітімді 30% қосымша төмендетуге және жергілікті бюджетке айыппұл ретінде 16,2 млрд теңге жинауға мүмкіндік береді. Жалпы, бүгінгі күні Алматыда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты асында 766 «Сергек« кешені жұмыс істеп тұр. Оның ішінде желілік учаскелерде – 383, қиылыстарда – 383», - деді Баян Қоңырбаев.

Ол сондай-ақ Алматыда «Сергек» бейнекамералары іске қосылғалы бері жолдағы өлім-жітім 48%, жол апаттары 29%, жарақат алғандар саны 30% азайғанын айтты.

«32 ай ішінде қала бюджетіне 17,5 млрд теңге түсті. Сондай-ақ жеке серіктеске 2,6 млрд теңге төленді. «Сергек» кешені санын арттыру апаттар көп болатын мен криминогенді учаскелерді толық бақылауға, жол мен қоғам қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар