Келесі жылдан бастап мектеп формасына қойылатын талаптар қалай өзгереді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023-2024 оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріске ұшырайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған өзгерістер жобасы ҚР Оқу-ағарту министрінің тиісті бұйрығында көрініс тапқан.

Ведомствоның дерегі бойынша, бұл бұйрық келесі, яғни 2023-2024 оқу жылында күшіне енуі тиіс.

Сонымен, мектеп формасына қойылатын жаңа талаптар мынадай:

1. Қазіргі талап бойынша қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы тиіс.

Ал жаңа редакцияда классикалық жейденің орнына түймелері немесе бекіткіші бар трикотаж кардиган (бомбер) кию талап етілмек. Қалған талаптың бәрі өзгеріссіз қалады.

2. Қолданыстағы талап бойынша мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және басқа) салуға болады. Олар киімнің немесе аксессуардың (пиджак, жилет, галстук) жоғарғы бөлігінде орналасады.

Жаңа редакция: Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және басқа) орналастыруға рұқсат етіледі.

3. Қолданыстағы талап бойынша, білім саласына жауапты жергілікті басқарма, бөлімдер ата-аналарға мектеп формасын сатып алуға болатын отандық өндірушілерді ұсынады.

Жаңа редакцияда бұл тармақ қалғанымен, қандай өндірушінің формасын алу керектігін әр ата-ана өзі шешеді. Білім басқармасының немесе бөлімінің форма түсіне қатысты ұсынысын ғана ескеруі керек.

«Мектеп формасының жекелеген өндірушілеріне артықшылық беруге жол берілмейді. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын алуда тәуелсіз. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беруді басқару органдары ата-аналар мен білім беру ұйымдарына әкімшілік аумақта мектеп формасының бірыңғай түсін таңдауды ұсынады», - деп жазылған толықтыруда.

Сондай-ақ, бұйырқтың жаңа нұсқасында «қоғамдық кеңес» ұғымы нақтыланған.

Яғни, қоғамдық кеңеске мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар кеңесі жататыны айрықша атап көрсетілген.

Бұл кеңес мектеп формасының түсін, фасонын таңдауға және юбканың ұзындығын айқындауға қатысады, білім алушылардың мектеп формасын сақтауы мәселесін талқылауға араласады.

Бұған дейін де министрлік ата-ана мектеп формасын еркін таңдай алатынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар