Келесі жылдан бастап Қазақстанның 8 аймағында «Doing Business» субұлттық рейтингі енгізіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның орны жоғарылауы үшін жасалып жатқан реформалар мен шараларды қадағалау мақсатында кеңес өтті.

Кеңеске әкімнің орынбасары Ерлан Әукенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайрат Өскенбаев, ҚР Қаржы вице-министрі Айдар Теңгебаев, ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев қатысты.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайрат Өскенбаев бизнесті жүргізуді жеңілдету бойынша жұмыс тобының атқарған іс-әрекеті туралы қорытындылады.

«Бизнес жүргізуді жеңілдету үшін жұмыс тобы қала қызметтері арасында бірыңғай құжат айналымы желісін құруды ұсынды. Коммуналды қызметтер кәсіпорынның инженерлік желілерге қосылу туралы өтінішін жедел қарауы керек. Ол үшін қаланың инженерлік желілері туралы электронды карта жасау керек», - деді. Қ.Өскенбаев.

Бақытжан Жақсалиев кәсіпорындарды электр желісіне қосуды жылдамдату мақсатында бірқатар жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.

ҚР Қаржы вице-министрі Айдар Теңгебаев мемлекеттік қызметті ұсынуда енгізіліп жатқан жаңа технологиялар туралы баяндады.

«Бүгінде жеке кәсіпкерлердің 94 пайызы есепті электронды форматта береді. Берешегі жоқ екендігін қуаттайтын анықтаманы қазір департаментке келмей-ақ алуға болады. Болашақта тауар экспорты мен импортына электронды декларация жасауды енгіземіз», - деді ол.

Сондай-ақ, бизнесті жүргізудің «Doing Business» субұлттық рейтингі Қазақстанның 8 аймағында Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Қостанай және Шымкент қалаларында келесі жылдан бастап енгізілетіні белгілі болды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы халыққа жолдауында Қазақстанның әлемнің дамыған әрі бизнес жүргізу оңай 30 елінің қатарына ену керек деген міндет қойған болатын. Қазір Қазақстан 189 елдің ішінде 41-орынға табан тіреді. Өткен жылдан бері 12 позицияға көтерілді.

«Doing Business» рейтингіне кәсіпорынды тіркеу, электр желілеріне қосылуға рұқсатты жылдам алу, несиеге жылдам қол жеткізу тағы басқа 10 көрсеткіш енген.

Бизнеске қолайлы жағдай жасау Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының басты бағыттарының бірі.

Соңғы жаңалықтар