Келесі үш жылда Қазақстан экономикасына 25 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев "Қазақтелеком" АҚ қалалық филиалының активімен кездесті. Ұжыммен кездесу барысында Үкіметтен келген делегация Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жан-жақты түсіндірді.

Министр ең алдымен Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев көтерген экономикаға көрсетілетін қолдау жайлы тілге тиек етті.

"Келер 3 жылда Қазақстан экономикасына 25 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы бағытталады. Бізде нақты айқын жоспар бар. Әсіресе, шағын, орта бизнесті және іскерлік белсенділікті қолдау бойынша Мемлекет басшысының бастамасымен ағымдағы жылдың басында Ұлттық қор қаражатынан 1 трлн. теңге шеңберінде өңдеу өнеркәсібіндегі ШОБ жобаларын жеңілдікті шарттармен қаржыландыруға 100 млрд. теңге бөлініп, ол толығымен игерілді. Нәтижесінде екінші деңгейдегі банктер жалпы сомасы 111 млрд. теңгеге 474 жобаны, оның ішінде тамақ өнеркәсібінде жалпы сомасы 38 млрд. теңгеге 173 жобаны іске асыру үшін қаражат бөлді",- деді министр.

Осы мақсаттарға ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша 100 млрд. теңге бөлінетін болады, оның 50 млрд. теңге сомасы ШОБ субъектілерін кредиттеуге және ірі кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруға 50 млрд. теңге жұмсалатын болады.

Министрдің айтуынша, Жолдау шеңберінде елдегі іскерлік белсенділікті одан әрі қолдау үшін 2015 және 2016 жылдары Ұлттық қордан 200 млрд. теңге, жыл сайын 100 млрд. теңгеден бөлінетін болады. Бұл қаражат «Даму» қоры мен «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның қолданыстағы банкаралық кредиттеу бағдарламаларын пайдалана отырып, шағын, орта және ірі кәсіпкерлікті кредиттеуге, оның ішінде 100 млрд. теңге ШОБ-ты қаржыландыруға және ірі кәсіпкерлікті қаржыландыруға 100 млрд. теңге жұмсалатын болады.

ШОБ үшін инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толтықтыруға кредиттер берілетін болады. Бұл ретте, ШОБ жобалары шеңберінде өңдеу өнеркәсібіне жататын қызметтер көрсету саласындағы жобаларға кредиттер беріледі.

Ірі кәсіпкерлік үшін инвестициялық жобаларға ғана кредиттер берілетін болады.

"ШОБ және ірі кәсіпкерлік жобалары бойынша түпкілікті қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрайды, қарызға алу мерзімі - 10 жыл. Автомобиль және теміржол көлігімен жүк тасымалдаулар, қойма шаруашылығы, пошталық және курьерлік қызмет, байланыс, компьютерлік бағдарламалау, техникалық сынаулар мен талдаулар, буып-түю қызметі қызметтер көрсету саласына жатады, яғни сіздердің жұмыстарыңызбен байланысты",- деп қорытындылады Е.Досаев.

ҚР Ұлттық экономика министрі Алматыдағы шағын бизнесті несиелеу көрсеткіші 40 пайызға жеткенін жоғары жетістік деп атап өтті.

Соңғы жаңалықтар