+7 (701) 759 90 19
USD 384.97 EUR 427.12
RUB 6.04 CNY 54.75
Jańalyqtar

Келесі Үкімет басталған істі жалғастырады - Апталық шолу

2016 жылғы 9 қыркүйек 19:09
Бөлісіңіз:
Келесі Үкімет басталған істі жалғастырады - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламенттің алтыншы шақырымының екінші сессиясын ашу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке алдағы атқарар міндетіне қатысты бірқатар тапсырмалар жүктейтінін алдын ала аңдатқан еді. Кейіннен осы аптаның жұмасына атқарушы биліктің кеңейтілген отырысы өтетіні белгілі болып, аузы дуалы жұрт сол отырыста Үкіметтің ауысатыны туралы болжам айта бастаған.

Ел болжаған үлкен өзгеріс жұмадағы жиыннан бір күн бұрын болды. Мемлекет басшысы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына тағайындау туралы Жарлық шығарып, іле-шала бұған консититуциялық талап бойынша Сенаттың келісімі алынды. Ал атқарушы билікке басшылық ету уақытша Бақытжан Сағынтаевқа жүктелді. Жұмадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бұндай өзгерістердің жай-жапсарын да айтып қалды. «Үкіметтегі ауыс-түйістің өзіндік қисыны бар. Бұл - біріншіден. Екіншіден - қауіпсіздік мәселесін күшейту, нығайту. Содан кейін мен Кәрім Мәсімовті өзінің келісімі бойынша қажетті жерге тағайындадым. Тәжірибесі бар. Республиканың жағдайын біледі деп тағайындадым. Премьер-Министрді қызметінен босатуыма байланысты қазір Үкімет отставкада. Көп созбаймыз, жаңа басшыларды да, жаңа министрлерді де тағайындаймыз. Онша көп өзгерістер бола қоймас деп ойлаймын. Себебі Үкімет қиын-қыстау жағдайда жүктелген тапсырманы орындап жатыр», - деді Н.Назарбаев.

Осылайша, аптада атқарушы билікке қатысты бірқатар жаңалықтар орын алды. Елбасы айтпақшы, құрамы айтарлықтай өзгере қоймайтын Үкімет ендігіде жаңа міндеттер аясында жұмыс жасайтын болады. Мұндай міндеттер де Ақордадағы жиын барысында айтылған болатын. Осы уақытта белілі болғандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлықтарымен Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, ал Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Мемлекеттің міндеті мүлтіксіз орындалуы керек

Бүгінгі әлемдік экономикалық ахуал күрделі. Болжамдар да түрлі-түрлі. Сәуегей сарапшылар жақын аралықта жаһандық экономиканың жақсаратыны туралы жақ ашқан емес. Олай болатын болса, әлемдік экономика аясында дағдарысқа қарсы шараларды сәт сайын саралап, пысықтап отыру, атқаратын істерді алдын ала ойластыру аса өзекті мәселе. Сонымен қоса, Елбасы Үкіметтің негізгі міндетін де еске салды, бұл - қалай болғанда да қазақстандықтардың өмір сапасын төмендетпеу. «Еуропадағы да, Ресейдегі де, төңірегіміздегі барлық жағдай бізге ықпал етпей қоймайды. Дегенмен, соған қарамастан бұған дейін де қазақстандықтардың өмір сапасын төмендетпеуге қатысты шараларды атқарып келдік. Бұл бағыт жалғасуы тиіс. Ендігі міндет - әлеуметтік ахуалды аңғарып, алдағы уақытта не істеу керек, қандай жаңа шаралар қамтылуы тиістігін қарастырамыз», деді Үкіметтің кеңейтілген отырысын ашқан Президент. Осыған байланысты Елбасы атқарушы билікке жүктейтін міндеттерін сараламас бұрын ағымдағы ахуал туралы баяндамаларды бірінен соң бірін тыңдады. Алдымен қазіргі экономиканың ахуалы туралы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, сосын қаржы саясаты жөнінде министр Бақыт Сұлтанов, соңына таман ақша-несие бағыты туралы Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев Елбасы алдында есеп берді.

Негізгі баяндамашыларды тыңдай отырып, Президент ең бірінші кезектегі міндет алдағы айтулы мерейтой - Тәуелсіздіктің 25 жылдығын барша халықтың жақсы көңілмен қарсы алуын қамтамасыз ету екенін айтты. «Той-томалақ пен жиналыстар өткізу бір басқа. Әрбір ауыл, әрбір аудан, әрбір қалада халық бүгінгі күні не істеліп жатқанын көріп, білетін болсын. 25 жылдың ішінде адамның ойына келмеген шаруалар, 100 жылға татитын дүниелер жасалды. Ол барлық ауылда да, ауданда да, облыста да көрініп тұр. Қиыншылық жағдайлар болса адамдарға көмектесу қажет. Барша жұртшылық, еліміз жақсы көңілмен қарсы алатын болсын», - деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы осыдан біраз уақыт бұрын Премьер-Министрге тапсырма беріліп, ол біраз өңірді аралап шыққандығын еске салып өтті. Нәтижесінде өңірлердегі түйткілдерді шешумен айналысатын арнайы топтардың құрылғанын айтты. «Келесі Үкімет сол тапсырмаларды ары қарай орындап, әкімдермен бірге барлығын шешуі қажет. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» бағдарламалары біз дағдарысқа қарсы жүзеге асырып жатқан іс-шаралар еді. Ол өз нәтижесін беруде деп айтуға болады. Мұны тек қана экономикалық көрсеткіштерде ғана емес, нақты өмірден де көріп отырмыз»,- деді ҚР Президенті.

Шындығында, бұған дейін қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар өз нәтижесін берді. Мәселен, қазақстандық экономика құлдыраған жоқ. Инвестициялар 6 пайыздан астамға өсті. Жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде сақталды. Бюджет қызметкерлерінің жалақысы - 30, жәрдемақылар 25 пайызға өскенін, зейнетақы 9 пайызға индекцияланған. Осыларға тоқтала келе, Мемлекет басшысы алдағы міндеттердің бұрынғысынша әлеуметтің әлеуетін арттыруға қатысты болатынын жеткізді. «Қазақстанда жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Оларға да көмек жасатып отырмыз. Яғни, атап өткенімдей, мемлекет міндеттемелері мүлтіксіз орындалуы тиіс, олар орындалып та жатыр. Мұнан ары да дәл осылай қолдау жалғаса беретін болады. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласында 1 трлн. теңге бөлінді. Бұл дағдарыс құбылысына қарамастан өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық», - деді ҚР Президенті.

Халыққа жасайтын жақсылық - жұмыс беру

Жаһандық дағдарыста ең негізгі мәселе - жұмыспен қамту. Расында, бүгінгі таңда әлем елдері, соның ішінде дамыған жетекші елдердің өзі - халыққа жұмыс тауып беру мәселесінде бас қатыруда. Жұмыссыздық жоқ болса, проблема да жоқ. Бұл мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қайта еске салып, жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз етуден маңызды мәселе жоқ екенін айтты. «Ақпарат құралдарында да жарияланды. Мен әрбір облысқа барғанымда ең бірінші маған жасайтын баяндама қанша жұмыс орны құрылғандығы жайында болуы керек. Әр аудан мен ауылдардың арасында кім қанша жұмыс орнын құрғандығы жөнінен бәсеке болуы керек. Біздің халыққа жасайтын ең жақсылығымыз сол. Басқасын өз қолымен жұмыс істеп, қаражатын тауып, бала-шағасын асырауы керек»,- деп атап өтті ҚР Президенті. Айта кетерлігі, жұмыспен қамтудағы басты басымдық - жаппай кәсіпкерлікті дамытумен ұштасады. Бұл ретте Елбасы дағдарыс басталған сонау 6 жыл бұрын қабылданған «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» секілді бағдарламаның тиімді тұстарын ары қарай жүзеге асыруды жүктеді. Айта кетерлігі, осы бағдарламаның арқасында 722 мың адам жұмысқа орналасса, оның ішінде 518 мың адам тұрақты жұмыс тапты.

Дағдарысқа қарсы шарадан стратегиялық міндеттерді шешуге көшу керек

Болжамды мәліметтерге сүйенсек, жыл соңына дейін мемлекет қазынасына 830 млрд теңге қосымша кірістер түсетіні күтіледі. Осыны ескерген Елбасы дағдарысқа қарсы жоспардан стратегиялық міндеттерге көшуді де қамтамасыз ету мүмкіндігі туып отырғанына назар аудартты. «Яғни, біз дағдарыспен жұмыс істеп, біраз қаражатты сарп еттік, енді дамуға, өсімге жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр», - деді Н. Назарбаев. Өсімді қамтудың негізгі үш мәселесі де міндеттелді. «Біріншіден - агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Индустрияландыру бағдарламасына ұқсас жыл соңына дейін «Агробизнес-2020» аясында агроөнеркісіп кешенін дамыту бағдарламасын жасауды тапсырамын. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен оны сараландыруға баса назар аударылуы тиіс. Өнімнің мейлінше сұранысқа ие түрлеріне басымдық берілуі шарт. Ауыл шаруашылығы өңделген өнімдерінің экспортын арттыру қажет. Ұзақмерзімді кредиттеудің қолжетімділігі қамтамасыз етілуі керек», - деді Н. Назарбаев. Екінші бағыт - жаңа индустрияландыру есебінен экспорттық әлеуетті әртараптандыру.

Үкімет индустрияландыру бағдарламасына 112 млрд теңге бөледі. Бүгін Ақордада өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осы мәселені тапсырды. «Бізге 100- 500 кәсіпорын керек емес. Бізге тауарын негізінен экспортқа шығаратын, өнім беретін кәсіпорын керек. Бастапқыда жасағанымыз дұрыс та шығар. Қазір әр жобаны тереңінен қарастыратын боламыз. Жаңа бесжылдық жобалары тек қана шикізаттық емес экспорттық бағдарға негізделетін болсын. Экспорттық әлеуеті зор, өнімділігі жоғары, инновациялық жобаларды іріктеуде міне осыларға назар аударылсын. Осыған байланысты Үкіметке бағдарламаны қолдауға қосымша 112 млрд теңге бөлуді тапсырамын», - деді Н. Назарбаев. Үшінші бағыт - көлік инфрақұрылымын дамыту. «Менің тапсырмам бойынша дайындалған «Нұрлы жол» бағдарламасы - көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі құралы, экономиканы қолдаудың басты тетігі. Біздің алдымызда көліктік әлеуетті көтеру, өңірлік көліктік логистикалық хаб құру міндеті тұр. Бұған қытайлық миллиардер Джек Ма да қызығушылық білдірген. Ол да осыны пайдаланғысы келеді. Азия-Еуропа бағытында транзитті тасымалдаулардың, контейнерлердің динамикалық көрсеткіші өсіп отырғанын естен шығаруға болмайды»,- деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте Елбасы ағымдағы жылдың соңына дейін «Алматы-Шу» тұңғыш өткізу кешенін, Құрық паром кешенін іске қосуды, 920 шақырым болатын жаңа автокөлік жолдарын пайдалануға беруді тапсырды. Осыған байланысты Президент көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты басталған жобаларды жеделдету және аяқтау үшін Үкіметке биылғы жылы қосымша 74 млрд теңге бөлуді тапсырды. Бұның есебінен Жезқазған-Бейнеуді, Құрық паром кешенін, басқа да автокөлік жолдарын аяқтау көзделеді. «Бұл қаражат жедел беріліп, тезірек игерілсін», - деді Н. Назарбаев.

«Нұрлы Жер» бағдарламасы әзірленеді

Қаазқстандағы құрылыс саласын дағдарысқа қарсы тиімді құрал ретінде қарастырса да болады. Мәселен, өткен жылдың өзінде республикада 9 миллион шаршы метр баспана берілген. Бұл еліміз үшін рекордтық көрсеткіш десе де болады. Ал 2016 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі 10 миллион шаршы метрден асады. Осы мәселеге назар аудартқан Елбасы атқарылған шараларға қарамастан халықтың тұрғын үйге сұранысы әлі де жоғары күйінде қалып отырғанын жеткізді. «Сондықтан да, жұртшылықты баспанамен қамтамасыз ету міндетін шешудің жаңа қадамы қажет», - деді Президент. Осыған байланысты Елбасы тұрғын үй құрылысы саласының барлық мәселелерін қамтыған бірыңғай «Нұрлы Жер» бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Ал ол бағдарлама нені шешеді?

«Біз азаматтарға тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер береміз деп айттық. Енді халық талап етуде, 10 сотық жерді беріңдер. Бізде дала жетеді ғой. Сонымен далаға барып, құрылыс бастайсыздар, ал одан не шығады? Ол жақта жол, жарық, су, жылу жоқ. Бұлай беруге болмайды. Егер беретін болсақ, коммуникациясын, жерді дайындап алу қажет. Ендеше жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысы барысында жеке баспана салушылардың шығындарын төмендете отырып, инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымын дайындап алуға ресурстарды шоғырландыру керек. Біз тұрғын үй құрылысының 30 пайыз шығынын өзімізге аламыз. Бұл бюджеттен қаржыландыру үлесін қысқарта отырып мол жеке инвестицияны тартуға септігін тигізеді және адам өз үйіне ие болады», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы жеке тұрғын үй құрылысы мемлекеттің инженерлік инфрақұрылымы тартылған жер телімдерімен қамтамасыз етуіне тікелей байланысты екендігін баса айтты. Сондықтан Үкімет өз үйін салатын азаматтардың қаржысын қайтару тетіктерін де ойластырғаны жөн. «Мәселен, BI-Group Алматы мен Астанада толық ауылдарды салуда. Мүмкін осы жолмен жүрерміз? Яғни, құрылысшыларға ақшаны беріп, халыққа: «Сіздер қаладыңыздар ма? Міне сіздерге 10 сотық жер, мынадай сәулет жобасымен салдық, сатып алыңыздар», деп жариялайық. Бұл мәселеде несие беріп немесе басқаша көмектесетін боламыз... Әкімдер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жер қорына сараптама жүргізуі тиіс және бас жоспарларға өзгертулер бойынша ұсыныс енгізсін»,- деді Елбасы.

Түйіндей айтсақ, алқалы жиын барысында Мемлекет басшысы Үкіметке үлкен-үлкен міндеттер жүктеді. Ендігі кезекте атқарушы билік бюджет заңнамасына қажетті түзетулерді нақтылап, іске кірісуге тиіс.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қанат Мәметқазыұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT