«Келесі пандемия Суданда басталады» - ақпарат шындыққа жанаса ма

None
Фото: stopfake.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазнет қолданушылары Суданда әскери төңкеріс салдарынан қауіпті патогендердің үлгілері бар биологиялық зертханалар бұзылғаны туралы жазып жатыр. Айтуларынша, дәл осы жағдай келесі пандемияның басталуына себеп болады және бұқаралық ақпарат құралдары үрей тудыруды бастады. Бұл рас па? Stopfake.kz анықтап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Биылғы 15 сәуірде Суданда әскери төңкеріс басталды. Қақтығыстар бірден бірнеше қалада орын алды. Нәтижесінде жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды.
Төңкерісшілер ел астанасы Хартумда Ұлттық денсаулық сақтау зертханасын басып алды. Ең қауіптісі – онда қызылша мен тырысқақ қоздырғыштарының үлгілері сақталған, мамандар оларға қол жеткізе алмай отыр. Яғни, патогендердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мәселесі туындады.
Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жағдайды «биологиялық қауіп» деп мойындағанымен, Судандағы зертхананы басып алу салдарынан әлемде пандемияның болуы екіталай. Қызылша мен тырысқаққа қарсы тиімді вакциналар бұрыннан бар.
Сонымен қатар әлемнің көптеген дамыған елдерінде қызылшаға қарсы вакцинация балалар үшін міндетті болып табылады. Тырысқаққа қарсы вакцина міндетті емес, бірақ пациент тырысқақ жиі кездесетін елдерге саяхатқа сапармен бармақ болса, екпе жасата алады.
«Қорыта айтқанда, таралған хабарлама шындыққа жанаспайды.

Біріншіден, Суданда биозертханалар бұзылған жоқ. Бір ғана Ұлттық денсаулық сақтау зертханасы басып алынды.

Екіншіден, онда сақталатын қоздырғыштар белгілі және жақсы зерттелген. Оларға қарсы вакциналар мен дәрі-дәрмек бар.

Үшіншіден, бұл зертхананы басып алу келесі пандемияның басталуына әкелетініне сенуге негіз жоқ», - деленген сайтта.


Соңғы жаңалықтар