Келесі оқу жылында 1,5 млн бала 5 күндік оқу жүйесіне, 300 мың бала бірінші ауысымға көшеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Оқу-ағарту министрінен оқу жылының мерзіміне енгізілетін өзгерістерден қандай нәтиже күтетінін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрі Асхат Аймағамбетов бұл тұрғыда бір-бірімен байланысты екі маңызды шешім қабылданғанын айтты.

«Бір жағынан оқушылардың оқу жүктемесін азайтып, екінші жағынан оқу жылының аяқталуын 31 мамырға бекіттік. Бұл мәселе бірнеше кешенді проблеманы шешеді. Біріншіден, бүгінгі таңда бізде 5 күндік оқу, 1,5 млн бала осындай форматқа көшеді. Яғни, енді осы 1,5 млн бала үшін қосымша 36 демалыс күні пайда болады. Бұл 36 күнді балалар өз ата-ата-аналарының жанында өткізуге, әлде секцияларға, демалыс саябақтарына баруға жұмсауға мүмкіндік алып отыр», - деді ол.

Ведомство басшысы биыл 100-ден астам мектептің үш ауысымға өту қаупі болғанын атап өтті.

«Осы қабылданған шешімнің арқасында аталған 100 мектеп екі ауысымда оқуын жалғастырады. Үшіншіден, бізде бүгінгі таңда 1,5 миллионнан астам бала түстен кейін оқиды. Осы қабылдған шешім әсерінен оқу жүктемесінің азаюына байланысты кабинеттер босатылып, екінші ауысымда оқып жатқан 300 мыңнан астам бала енді бірінші ауысымға көшеді. Бұл да ата-аналар үшін өте маңызды. Жалпы 3,6 млн бала үшін оқу жүктемесі азайды. Бірақ осы қабылданған шешімдер білім сапасына әсер етпейді.

Қорыта келгенде, айналдырған 25 мамырдан 31 мамырға дейін өзгеріс енгізуімізге байланысты 1,5 миллионға жуық бала үшін 36 жаңа демалыс күні пайда болады. 150 мыңға жуық педагогтерімізде 36 демалыс күні пайда болады. 100-ге жуық мектептегі 300 мыңға жуық бала үшінші ауысымнан екінші ауысымға өтеді. Бұл - жан-жақтан қарастырылып, сараптамадан өткен шешім», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар