Келешегімізді Қазақстанмен байланыстырамыз - Юрий Ким

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Юрий Ким кезінде тағдырдың жазуымен қазақ топырағына қадам басқан корей халқының ұрпағы. Ұзақ жылдар бойы Сыр өңірінің спорт саласында жемісті еңбек еткен азамат бүгінде де қоғамдық іс-шаралардан шет қалған емес. Қашанда ұлтаралық татулық, бірлік, достықты дәріптеп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен 1942 жылы Қызылорда облысында дүниеге келдім. Бүкіл өмірім Сыр өңірінде өтті. Мен осы жылдар ішінде мектепте физика пәнінің мұғалімі, жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары, одан соң осы спорт мектебінің директоры, содан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы қызметтерін атқардым. Қазақ халқы біздің еңбегімізді әрқашан жоғары бағалай білді. Елімізде мен сияқты өзге этнос өкілдері көп. Олардың бірқатары мемлекеттік қызметте жүрсе, енді біршамасы ғылым мен мәдениетте, басқасы өндіріс пен бизнестің әртүрлі салаларында өздерін танытып келеді. Қазіргі таңда зейнет жасында болсам да, аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып, Қазақстан халқы ассамблеясының мәдени іс-шараларында өз үлесімді қосып келемін», - дейді Юрий Ким.

Оның айтуынша, Алғыс айту күні еліміздегі ерекше мерекенің бірі. Мереке қашанда ауызбірлік, татулық, достықты дәріптеуге негіз қалап отыр.

«Алғыс айту күні мен Ассамблеяның мерейтойы қазір еліміздегі барлық ұлт өкілдері үшін ерекше мереке деп айта аламыз. Айтулы күн қарсаңында қазақ халқына алғыс айтқым келеді. Кезінде тағдырдың жазуымен қазақ топырағына келген өзге ұлт өкілдеріне кеңпейіл ниетін танытты. Еңсе тіктеуіне көмек көрсетіп, қолдау білдірді. Сол үшін корей халқы және өз атымнан мың алғыс айтқым келеді. Біз, тағдыр жазуымен Қазақстанға келген этностардың ұрпағы қазақ халқына шексіз ризамыз. Біздің ата-анамыз құшақ жая қарсы алған, достық қарым-қатынас орнатқан, тату-тәтті өмір сүрген жергілікті ұлт өкілдеріне ризашылығын білдіріп отыратын. Оны әрқашан қуанышпен еске алатын. Олардың қазақ жеріне келуі ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол бір қиын сәтте соңғы нанын бөлісіп жеген қазақ қаншама қиындықтан аман өтті. Қазақ халқы 1937 жылы кәріс ұлтына да қолдан келгенді аянбай, көмек көрсетті. Әкемнің айтуынша, біздің жағдайымызды көрген қазақтар көмек ретінде бұзау мен қой берген екен», -деп еске алады Юрий Ким.

Ол бүгінде бейбіт елде, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырқанын атап өтті.

«Бүгінде біз бейбіт елде, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қазақ жерінде менің балаларым, немерелерім дүниеге келді. Мен өз өмірімді тек Қазақстанмен, сүйікті Қызылордаммен байланыстырамын. Мен баршаңызды елімізде қалыптасқан бірлікті, татулық пен келісімді сақтауға және нығайтуға шақырамын. Баршамызға ашық және бейбіт аспан тілеймін», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар