Келешегі кемел «Жібек жолының экономикалық белдеуі»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады.

                            ***

       Бүгінде дамуы жөнінен адымдап алға шыққан Қытайды алпауыт елдер АҚШ та, Жапония да, Англия да, Франция мен  Ресей де мойындайды. Бұлардың қай-қайсысы да әлемдік геосаясат пен геоэкономикада Қытайдың көзқарасы және ұстанымымен санасуға мәжбүр.

     «Көп қорқытады, терең батырады» демекші,  Қытай елінің басқалардан бірқатар артықшылықтары баршылық. Халқының саны (1,3 млрд.)  жөнінен алда болса, жер көлемі жөнінен Ресей мен Канададан кейінгі үшінші орын иеленеді.

      Бұған қоса,  Қытай - ғарыш кеңістігін игерген, ядролық қаруға ие  және әскерінің  саны  да көп қуатты  да айбынды держава.

     Жаңа тарихи кезеңде Қытай реформасының негізін салған Ден Сяо Пин: «біздің үйіміздің төрт қабырғасында төрт терезе болуы керек. Біріншісімен бізге - білім-ғылым, екіншісімен - технология, үшіншісімен - тәжірибе мен біліктілік, төртіншісімен - капитал құйылады» деп айтқан  көрінеді.

     Күні кешеге дейін жұртшлық ең бай елдер дегенде алдымен Америка мен Жапонияны ауызға алатын. Солардың байлығы мен жетістігін айтып тамсанатын. Ендігі жерде Қытайды мақтауға көшті. Өйткені ол кейінгі бір-екі жыл көлемінде  ЖІӨ жөнінен Қытай  АҚШ пен Жапонияға қуып жетіп, басып озды. Көпшілік оны киім-кешек, тұрмыстық тауар-бұйым шығаратын «Жер шарының зауыт-фабрикасы» деп атайтын болды. Себебі, Қытай жаһандық экономикадағы оза шапқан  теңдесі жоқ тауар өндірушіге және инвесторға айналды.

       «Басып озды» дегеннен шығады. Сонау 60-шы жылдар Кеңес Одағы  «Таяу он жылда Американы қуып жетіп, базып озайық!» деген  дақпырт пен дарақылыққа бой алдырған. Күнделікті газеттер осындай ұранмен шығып отырған.

      Сол айтқандай, басқалар бұрылып кетсе де социалистік даму жолынан таймаған Қытай Халық Республикасы  КСРО сияқты ұрандатпай-ақ, үндемей жүріп, үлкен істер тындырып, ХХІ ғасырда АҚШ-ты шаң қаттырып, басып озды. Әрі десеңіз, Қытай Америка тәрізді басқа мемлекетке (Ирак, Ливия және Иран) күш көрсетуден, қоқан-лоққы жасаудан аулақ.  

     Соңғы 30-40 жылдың көлемінде ҚХР (1979 жылғы  Вьетнаммен соғысты есепке алмағанда) ешбір елмен әскери қайшылық пен қарулы қақтығысқа бармаған.

     Сондықтан болар,  халықаралық саясаткерлер мен сарапшы мамандар  бүгінгі таңда  «Қытай сыртқы елдермен қарым-қатынасында «жұмсақ күш» саясатын қолданады» дегенді  айтады.

     (Халықаралық қатынас  ғылымына «жұмсақ күш қолдану» саясаты деген терминді ең алғаш 1990 жылы американдық саясаттанушы, Гарвард университетінің профессоры Дж. Най енгізген. Оның түсіндіруінше мұнда  бір ел екінші елге әскери-техникалық  күш -қару қолданудан гөрі, керісінше бейбіт сипаттағы экономика, сауда-саттық, мәдениет пен өнер, идеология, гуманитарлық көмектер  арқылы ықпал етіп, өзіне қаратып алады).

      Қытай елінің қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігінен, алыс-жақындағы  мемлекеттермен қарым-қатынасынан осындай «жұмсақ күш қолдану» саясаты айқын аңғарылады. Әлімсақтан айтылатындай,  Қытайдың сыртқы экономикалық қатынасында:  «жақын дос та, алыс дұшпан да жоқ», оны тек екіжақты тиімді де пайдалы мақсат пен мүдде ғана қызықтырады!

     Сырттай қарағанда Қытай  АҚШ және Еуроодақпен бәсекелес, бір-бірімен  ымыраға келмес қырғи-қабақ елдер сияқты. Бірақ та бұлардың қай-қайсысы да  саясат басқа, экономика басқа екенін, екі жақты сауда-экономикалық қатынастан пайда таппаса зиян шекпейтіндерін  жақсы түсінеді.

      Басқалармен салыстырғанда  ЕО пен АҚШ-тың  Қытай үшін ең ірі сауда-экономикалық әріптестер екені, алғашқысымен екі арадағы тауар айналымының  жылдық мөлшері 600 млрд. долларға жетіп, кейінгісімен 521 млрд. доллардан асқаны осының жарқын дәлелі.

      Осы себептен шығар, еуропалық альянс 2003 жылғы желтоқсанда Қытайды «стратегиялық әріптес» деп таныды. Мұндай жылы қабақ пен көзқарасты қалт жібермейтін Бейжің Брюсельге Еуроодақ тарпынан қару-жарақ экспорты бойынша енгізілген эмбаргоны алып  тастау туралы ұсыныс жасады. Бұл орайда Еуропаның сенімді де жақын одақтасы АҚШ-тың Тайваньға қару сатып отырғанын алға тартып, дәйекке келтірді. Ұсыныс Англия мен Франция тарпынан қолдау тапты.

     Сыртқы сауда-экономикалық байланыста Қытай алыстағы Африка мен қиян-қиырдағы Латын Америкасы-Кариб бассейіні елдерін де назардан тыс қалдырмаған. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы  Қытай мен Африка елдерінің өз ара тауарайналымы 210 млрд. долларды құраған болса, 2020 жылға қарай 400 млрд. долларға жетеді деседі. Африкалықтарға бір ұнайтыны  Қытай билігі олармен қарым-қатынаста АҚШ пен Батыс секілді ешбір саяси талаптар қоймайды, ішкі істеріне араласпайды, өзінің даму үлгісін таңып, тықпаламайды. Ұстанымы: «сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыс екі жаққа да тиімді болуға тиіс»  сыңайды.

     Осындай ұстанымның арқасында Аспан асты елінің Латын Америкасы-Кариб бассейіні мемлекеттерімен сауда-саттығы кейінгі он бес жылда 22 есеге өсті. Сөйтіп, Қытай олар үшін екінші деңгейдегі сауда-экономикалық әріптеске айналды. Келешекте қос тарап тек шикізат тасымалдаумен шектеліп қалмай, өңдеуші саладан - өндірістік салаға, инновация мен жаңа технологияға ден қоймақ. Мұндай қарым-қатынас Латын Америкасын дамушы елден өсіп, дамыған елдердің қатарына қосылуына  ықпал етері хақ.

       Сыртқа, шет мемлекеттерге инвестиция салу және несие-қарыз беру Қытай стратегиясындағы маңызды  бағыттардың бірі.  Мәселен, 2002 жылы ол сыртқа 6,9 млрд. доллар  инвестиция шығарған болса, 2012 жылға қарай бұл көрсеткіш 84,2 млрд. долларға жеткен. Инвестицияның қамту аймағы көршілес  Гонконгтан бастап, Азия, Еуропа және Африка мен Латын Америкасына дейін жетті. Көршісімен тіл табыса алмайтын кейбір  елдер сияқты кергімей  «Алыстан - арбалап та, жақынан - дорбалап тасиды».

      Задында, өркендеймін дейтін мемлекет осылай ету тиіс.

           Орталық Азия  - маңызды стратегиялық аймақ

    ҚХР үшін Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан) маңызды стратегиялық аймақ. Аумағы 3,9 млн. шаршы шақырымды құрайтын бұл өңірде 51 млн. халық тұрады. Жерінің қойнауы сирек кездесетін бағалы металлдарға, мұнай мен газға басқа да табиғи ресурстарға бай. Осыны мықтап ескерген Қытай 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Орталық Азия республикалары тәуелсіздік алып, әрқайсысы дербес мемлекет болған бойда бұлармен қарым-қатынас жасауға ұмтылып, қаңырап қалған базарларын өзінің күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларға толтырды. Әлі күнге Орталық Азияның сауда нүктелерінен: базар мен дүкендерінен негізінен қытайлық арзанқол киім-кешегін киіп, тұрмыстық зат пен бұйымдарды көресіз.

Мұнан соң Қытай құбыр арқылы Қазақстан мен Түрікменстаннан, Өзбекстаннан арзан мұнай мен газ тасымалдауға қол жеткізіп, оны жүйелі түрде жолға қойды.

     2001 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның қатысуымен құрылған (кейіннен Өзбекстан қосылған) халықаралық ШЫҰ (Шанхай ынматастығы ұйымы) арқылы аталған  мемлекеттердің  тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ экономикалық-әлеуметтік салалардағы бірқатар мүдделері тоқайласты. Мұның шеңберінде ғылыми-техникалық, технологиялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық та өрістеп, дами түсті.

      Қытай басшылығы Ресей және Орталық Азия республикаларымен қарым-қатынаста шикізат тасымалдау және сауда-саттықпен шектеліп қалмау қажеттігін де жақсы біледі.

     Сол себепті де кейінгі кезде БАҚ құралдарынан қытайлық корпорациялар мен фирмалардың Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен қандай да бір өндіріс орнын немесе өздеріндегі кәсіпорынның филиалын ашу жөнінде екіжақты келісімшарттарға қол қойғаны туралы жаңалық хабарлар жиі бой көрсете бастады. Мәселен, қытайлықтар Ферғана қарай тартылған темір жолда 455 млн. доллар қаржы шығарып, 19 шақырымдық тонель салып беріп өзбек ағайындардың көңілін бір тауып қойды. Өзбек жағының  айтуынша, Қытаймен арадағы тауар айналымы 3 млрд. доллардан асып, Ресейді екінші кезекке ығыстырыпты.

     Осындай келісімшарт шеңберінде таяу жылдарда  Қазақстанда шыны, цемент шығаратын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 51 зауыт салыныа іске қосылмақ.

Былай саралап, салмақтап қарағанда іргелес Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей  Қытай елі үшін тиімді табиғи ресурстар көзі және дайын тауарларын өткізетін рынок қана емес, Еуропаға шығатын қолайлы да ұтымды транзиттік дәліз де. Қарапайым ғана есеп: Қытайдың тауар тиеген контейнелері Еуропаға кәдуілгі теңіз жолымен   жөнелтілгенде 50-60 күнде, ал Орталық Азия не Ресей арқылы жіберілгенде 10-15 күнде жеткізіледі екен. Мұндай төте тасымалдаудың миллиондаған қаржы-қаржатты үнемдеп, сауда-саттықты жеделдетенін айтпаса да түсінікті.

   Кейбір мәліметтерге қарағанда 2011 жылы Қазақстан арқылы  Еуропаға  мыңға жуық контейнер жөнелтілген болса, 2020 жылғы қарай  ол көрсеткіш 2 миллионға жетпек.

             Келешегі кемел «Жібек жолының экономикалық белдеуі»   

       Бүгінгі таңда әлемдік экономикада жұрттың назарын аударып  отырған ірі  жоба  Қытайдың аса ауқымды  «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасы. Мамандардың болжауынша осы жобаның аясындағы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) тармағы жүзеге асқан жағдайда Орталық Азияның ғана емес, тұтастай Еуразия континентінің экономикалық-әлеуметтік дамуына ықпал  ететін  болады.

      Бір айта кетерлігі, бұл жоба туралы  ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ең алғаш  2013 жылы қыркүйекте Астанаға келгенде Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде айтты. Неге? Өйткені, Қытай Қазақстанды көршілес мемлекет қана емес, маңызды стратегиялық әріптес санайды. Екі жақтың қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономикалық ынтымақтастығынан үлкен үміт күтеді.

      Кейбіреулер мұны баяғы «Жібек жолын» қайта жаңғырту» деп түсінеді. Ал, шындығында «Жібек жолының экономикалық белдеуі» деп атауының өзі  аңғартып тұрғандай Шығыстан - Батысқа қарай заман талабына сай жол салып, транзиттік дәліз ашумен қатар, ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыру. Бұл жолдардың бойында инфрақұрылым дамып, қаншама әлеуметтік нысандар салынады, қызмет көрсету орындары ашылады, мыңдаған адамдар жұмысқа тартылады. Бұған ҚХР-дың даму және реформалар комитетінің мәліметіне қарағанда 50 млрд. доллар қаржы  бөлінеді.   

      Таратып айтар болсақ, ЖЖЭБ жобасы үш тармақтан тұрады -  солтүстік жол (Қытай - Қазақстан - Ресей - Еуропа),  орталық жол  (Қытай - Қазақстан - Каспий теңізі - Түркия) және оңтүстік жол (Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан - Түрікменстан - Иран - Пәкістан - Үнді мұхиты). Мұндағы  солтүстік  жол Қазақстан жері арқылы өтетін, Қытайдағы Қорғастан - Санкт-Петербургқа жететін ұзындығы 8445 шақырым  Батыс Қытай  - Батыс Еуропа автомагистралы. Мұның  Қазақстанның үлесіндегі 2787 шақырымы салынып бітуге таяу

     Бір айта кететіні, «Жібек жолының экономикалық белдеуі»  Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 2014 жылдың 11 қарашасында  халыққа арнаған кезекті Жолдауында жария еткен «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес келеді. Елбасы ол бағдарламаны таныстыруда: «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айырықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен... Жол - шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек»деп айтқаны осыны айғақтайды.

    Сондай-ақ, 100 қадамдық Ұлт жоспарында: «Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграция. «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру жөніндегі жобаны іске қосу» деген міндет қойылды.

      Қай нәрсені де «жеті рет өлшеп, бір кесетін» Қытайдың ЖЖЭБ жобасын жәйдан жәй қолға алып отырмағаны белгілі. Сондықтан да сарапшы мамандар «бұл жобаны жүзеге асыруда Қытай төмендегідей үш стратегиялық мақсатты көздейді» дейді:

-         халықаралық және аймақтық сауданы өрістету;

-         Қытайдан  Қазақстан мен Орталық Азия арқылы  Еуропаға  және Таяу Шығысқа шығатын халықаралық көліктік дәлізді қалыптастыру;

-         маңызды стратегиялық әріптес саналатын Орталық Азиядағы өзінің экономикалық қатысуы мен ықпалын күшейту.

  Мұндай мақсатқа сауда-экономикалық байланысты дамыту, оның жолындағы кедергілер мен қиындықтарды жою, жетілген инфрақұрылымдары бар теміржол мен автокөлік магистралдарын салу, теңіз жолының да мүмкіндіктерін  пайдалану және қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастыру  арқылы қол жеткізбек.

    Халқы да  көбейіп, экономикасы да өсіп бара жатқан Қытай үшін алыста жатса да төлем қабілеті жоғары үлкен рынок болып табылатын Еуропа, табиғи арзан ресурстарға бай Орталық Азия және  әлемдік мұнай мен газдың негізгі сатушылары саналатын Таяу Шығыс елдері зор маңызға ие.

    Әрине, Қытай елі тек «Жібек жолының экономикалық белдеуі»  бағдарламасымен шектеліп қалмақ емес. Олай дейтініміз, жоғарыда айтылғандай Астанадан кейін 2013 жылдың қазанында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Индонезияға сапарлап барып, ол елдің парламентарийлерінің алдында ауқымды: «Бір белдеу, бір жол» жобасының тағы бір маңызды тармағы Қытай-Оңтүстік Қытай- Шығыс Қытай-Үнді мұхиты бағытындағы -  «ХХІ ғасырдағы Жібек теңіз жолы» бағдарламасын жария етті. Бұл бағдарлама Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд сияқты Оңтүстік Шығыс Азия елдерін қамтитын, әрі ежелден қалыптасқан көне су жолы. Қытай жұрты онымен осыдан екі мың жыл бұрын Үнді, Парсы жағалаулары, Араб түбегі арқылы кемемен жүзіп отырып, Еуропаға жібек мата мен фарфор бұйымдар және нефритті әшекей заттарды жеткізіп отырған. Енді оны заман талабына қарай жаңаша жаңғырту, жетілдіру ниетінде.

    Әдетте кез келген жоспар-жобаның қаржы-қаражатқа келіп тірелетіні талассыз шындық. Қытай бұл жағын да жан-жақты ойластырған. 2016 жылдың басында  Бейжіңде әлемнің 80-ге жуық мемлекетінің (оның ішінде Қазақстан да бар) құрылтайшылығымен халықаралық АИИБ (Азиялық  инфрақұрылымдық инвестиция банкі) ашылып, арнайы «Жібек жолы» дейтін қор құрылды. Алғашқысының жарғылық қаражаты 100 млрд. доллар, ал екіншісінікі 40 млрд. доллар болып белгіленді. Екеуіне де мол қаржы-қаражат салатын Қытайдың өзі. Мақсат - Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің ірі инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландырып, жүзеге асыру және осы бағыттағы  «Жібек жолының экономикалық белдеуі», «ХХІ ғасырдағы Жібек теңіз жолы» бағдарламаларына қаржылық демеушілік көрсету.

     Жалпы «Бір белдеу, бір жол» жобасы іске асатын болса, оған 4,5 млрд. халық тұрып, тіршілік ететін әлемнің алпыстан астам мемлекеті қамтылып, қатыстырылады.

     Шындығында мұндай ірі жоба-бастамаларға қатысты әрқилы қауесет пен пікірлер, түрлі болжамдар айтылады. Біреу біліп айтады, біреу күліп айтады. Біреулер оған қызығып қараса, екінші біреулер қызғанып қарайды.

      Сол айтқандай, «Қытай неліктен мұндай ауқымды жобаны қолға алды? Оған не себеп болды?» деген сұрақтарға жауап іздеп бас қатырып отырған  сарапшы мамандар баршылық. Олардың көбінің пікірі төмендегідей тұжырымға саяды:

Біріншіден, Қытай тауарларына әлемдік рынокта сұраныстың азаюынан, олардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуінен елдің ЖІӨ өсімі баяулап қалды;

Екіншіден, өнеркәсіп өндірісінің аса қарқынды дамуынан қоршаған ортаның  ластануы, экологиялық ахуал күрделене түсті;

Үшіншіден, Қытайдың  Шығыс бөлігі  мен Орталық және Батыс бөліктерінің   даму деңгейінде елеулі  айырмашылықтар пайда болды;

Төртіншіден,  биылғы 2016 жылдың  4 ақпанында Австралия, АҚШ, Бруней, Вьетнам, Жаңа Зеландия,Жапония, Канада, Малайзия, Мексика, Перу, Сингапур, Чили мемлекеттері бірігіп, Транс-тынық мұхиттық сауда және инвестициялық  альянсын  құрды. Ендігі жерде оның Қытайға бәсекелес бірлестік болатыны анық.

    Бұл айтылғандарға қоса, Қытай өз ішінде осы заманға лайық темір жол мен автомагистралдарды салып бітіріп, жетілген көліктік-логистикалық жүйені қалыптастырды. Міне, осыны салуда пайдаланылған қуатты потенциал: арнайы өндірістік құрлығылар мен қондырғылар, техникалар мен машиналар білікті инженер-техник кадрлар мен жұмысшылар бос қалмай «Бір белдеу-бір жол» жобасын жүзеге асыруға  тартылуы керек.

      Басы ашық ақиқат: Қытай бүгінде және болашақта да көмірсутек отыны, жалпы энергетикалық қуатты молынан тұтынатын ел болып қала береді. Қазіргі таңда ол мұнайдың басым бөлігі су жолдары - теңіз арқылы тасымалдайды. Ал, теңіз жолдары әзірге АҚШ-тың әскери-теңіз флоты билігінде. Сондықтан да  құрылықтың бойымен, яғни  Орталық Азия мен Ресей жері арқылы өтетін транзиттік арна ашу - тығырықтан шығудың баламалы амалы.

     Биылғы 2018 жылдың 14-15 мамырында Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол»  жобасы бойынша 29 мемлекеттің басшылары мен БҰҰ, Халықаралық валюта қоры және Әлемдік банк сияқты ұйымдардың өкілдерінің басын қосқан  саммит өткізілді. Осынау алқалы жиында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин  бағдарламалық сипатта баяндама жасап, аталған жобаны жүзеге асыру үшін  Азия, Африка және  Еуропа елдеріндегі инфрақұрылым нысандарын салуға  124 млрд. доллар қаржы жұмсалатынын жариялады. Және де әлем елдерін жаһандық экономиканы дамытуға бағытталған осы жоба жолында  протекционизмді, керітартпалықты қойып, бірлесіп, жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

    Халықаралық саммитте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та сөз сөйлеп, «Қытайдың  Еуразия кеңістігінде  байырғы Жібек жолын  заманауи мазмұн  мен формада  қайта жаңғыртуы қазіргі таңда белең алып отырған  әлемдік саяси-экономикалық және гуманитралық дағдарысқа қарсы тұрудың,  оны еңсеріп жеңудің бір амалы»  дегенді айтты.

    Осы форум аясында «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы мен қытайлық COSCO Shipping компаниясы және Ляньюньган порты арасында  «Қорғас - Шығыс қақпасы»  еркін экономикалық  аймағын бірлесе дамыту жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

    Әрине, Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеу» жобасы тек сауда-экономикалық қатынаспен шектеліп қалмайды. Оған білім беру, денсаулық сақтау секілді гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық та қосылады. Күнделікті БАҚ құралдары мен интернет желідегі түрлі сайт парақшаларынан: «Талапкер жастарды тегін гранттармен Қытайда оқуға шақырамыз» деген жарнамаларды жиі оқитынымыз осының айғақ дәлелі. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдар ішінде ҚХР білім ордаларында 12 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып қайтыпты.

      Жоғарыда айтылғандардан аңғаратынымыз, Аспан асты елінің алдағы жылдарға арналған жоспар-жобасы ғаламат. Мұндай істерді атқаруда олар  «бетегеден -биік, жусаннан -аласа» көрініп, көздеген мақсаттарына жетеді. «Арық айтып, семіз шығады».

     Қытай данагөйлері ертеден жас ұрпағына: «Әркез судай сабырлы бол! Сен солай жылыстап ағып, қуыс-қуыстың бәрін толтырып, иемденетін боласың. Иемденген жеріңе нәр беріп, гүлдендіресің» дегенді өсиет етіп отырған.  Қазіргі жағдай осы өсиеттің орындалуының көрінісі іспеттес.

    Бұлардың тағы: «Егер жел тұрса одан сақтанып, тығылуға тырыспа, керісінше дереу диірмен жасап, оның күш-қуатын пайдалануға ұмтыл» дейтін ақылына тәнті боласың.

    Жасыратыны жоқ,  Қытайдың Қазақстанға 51 кәсіпорын  салу жобасына  бізде: «ол ескірген зауыттар, олардың экологиялық зиян-залалы көп» деп қарсы болып жатқандар да бар. Осыған байланысты ҚХР Қазақстандағы елшісі Чжан Хань Хуэй «Караван» апталығына берген сұхбатында: «Біз  бұрыннан істеп келе жатқан ескі зауыттарды  көшірмейміз. Кәсіпорындар  жаңадан салынады. Оған қажетті қондырғылар, құрал-жабдықтар, технологиялар бәрі жаңа болады. Жобаның екі жаққа тиімділігі ескерілген» деген түсінік берді.  

     Сондай-ақ, елші  Қытай рыногында қазақстандық бидай, ұн, бал, өсімдік майы және ет сияқты табиғи өнімдердің жоғары сұранысқа ие  екенін  атап көрсетті.

    Бүгінгі жаһандану мен интеграциялану заманында ешбір мемлекеттің басқалардан бөлініп, жеке дара, оқшау өмірі сүруі мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан Қытай елінің «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы шеңберіндегі  «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) тармағының әлеуетін өз мүддесіне барынша пайдалануы қажет.

     «Елде болса ерніңе тиеді» дейтіндей «Жібек жолының экономикалық белдеуінің» біздің жеріміз арқылы өтетін құбыры, теміржолы мен автомагистралы транзиттік тұрғыдан біз үшін зор мүмкіндік.     

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, журналист

Соңғы жаңалықтар