Келер жылы пәтер бағасы тағы қымбаттауы мүмкін бе – сарапшылар пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемия басталғанда елімізде тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерінің саны бірден азайды. Ал осы жылы карантиндік шектеулердің жеңілдетілуіне және зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігіне байланысты еліміздің жылжымайтын мүлік нарығына жан бітіп, баспана сатып алу-сату мәміле саны артып келе жатыр. Осы жылдың 10 айында мұндай мәмілелер саны өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда бірден 89,1 пайызға өскен. Бұл жайт баспана бағасының қымбаттауына да алып келгені сөзсіз. Осыған орай «келер жылы баспана құны тағы өсе ме?», «жалпы, жылжымайтын мүлік нарығы қашан тұрақталады?» деген сауалдарымызды Қазақстан Риелторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненкоға қойған едік.

Оның айтуынша, қазан айында елімізде орташа есеппен алғанда жылжымайтын мүлік құны аздап көтерілген. Нақтырақ айтқанда, жаңадан салынған үйлердің бағасы 1,9, ал абаттандырылған баспаналар 1,2 пайызға қымбаттаған.

«Толықтай айтар болсақ, жыл басынан бергі кезең ішіндегі баға 2020 жылдың желтоқсанындағы бағамен салыстырар болсақ, онда орташа есеппен алғанда кез келген жылжымайтын мүліктің 16,7 пайызға қымбаттай түскенін байқауға болады. Көп пе әлде аз ба? Бұған қандай факторлар әсер етуіне ой жүгіртіп көрейікші. Алдымен мәмілелер санына көз жүгіртіп көрейік. Осы жылдың ішіндегі мәмілелер саны өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда бірден 89,1 пайызға артқан. Яғни, мәмілелер 2 есеге жуық көп деген сөз. Оның себебі шектеу шаралары қолданыста болған кезде жинақталып қалған сұраныстың жүзеге асырылуы, мемлекеттік сипаттағы іс-шаралардың нарықты ынталандыру, тіпті зейнетақы жинағындағы артық қаражатқа тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінің пайда болуы мүмкін. Жалпы осылар сұранысты қыздыра түскен сияқты», - деді Нина Лукьяненко.

Осы орайда сарапшы зейнетақының жеткіліктілік шегінен артылған қаражаты бар адамға пәтерін сатушы ақшасын желге ұшырмайтындығын айтады. Яғни, ол сол ақшаға өзіне басқа жылжымайтын мүлік сатып алатындығына назар аудартады.

«Егер бұрынырақ Қазақстанда ай сайын 21-22 мың мәміле жасалатын болса, қазіргі уақытта бұл цифр айында кемінде 44 мыңға жетіп отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Өйткені, бағаның алаяқтық жолмен өсіп жатқанына қатысты өте көп әңгіме айтылады. Ал мен мұндай әңгімелерді қолдамаймын. Себебі кез келген сұраныс ең алдымен төлем қабілетіменрасталады. Нақты мәмілелер санының артуы дәл осы жайттан хабар беріп тұр», - деді ол.

Қазақстан Риелторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі бағаға әсер ететін өзге де экономикалық процестердің бар екендігін түсіну де маңызды екендігін айтады.

«Бұған дейін айтқанымдай, жылжымайтын мүлік бағасының индексі 16,78 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Ал дәл осы кезеңдегі инфляцияның орташа көрсеткіші 8,9 пайызды құрап отыр. Бұл бағаның шынайы өсімі біршама төмен болғандығын білдіреді. Яғни, шындығына келгенде баға мүлдем өсіп отырған жоқ, қайта ақша құнсызданып барады. Ендігі уақытта сол ақша мөлшеріне біршама аз тауар мен қызмет сатып алуға болады. Және де біз рташа көрсеткіштер жайында ғана айтып отырмыз. Егер тереңінен түсінер болсақ, онда азаматтарымыздың тыныс-тіршілігіне қатысы бар кей салада инфляция 13-15 пайызды құрайды», - деді Нина Лукьяненко.

Сонымен қатар сарапшы келер жылға жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалға қатысты болжамымен бөлісті.

«Алдағы уақытқа қатысты болжам айтар болсам, мәмілелер саны бойынша нарық өзінің шекті дегейінде тұр. Егер шаршы метр сатып алу үшін арзан ипотека, кейінен сатыпалу мүмкіндігімен жалға алу, ұзақмерзімді пайызсыз бөліптөлеу мүмкіндігі сынды қосымша ынталандыру тетіктері іске қосылмаса, онда таяу болашақта мәмілелердің жалпы саны құлдырай бастайды. Ал бағаға келер болсақ, она еліміздің бүкіл экономикасына қатысты болатын тенденцияларды жіті назарда ұстайтын боламыз. Егер инфляция деңгейін жоспарланған 4-6 пайыздық дәлізде ұстап тұра алатын болсақ, мұндай өсімді жылжымайтын мүлік нарығынан да байқаймыз. Ал егер мұндай жайт орын алмаса, баға өсе берсе, онда барлық тенденцияны шаршы метр дәлелінен-ақ көреміз», - деді сарапшы.

Кейбір сарапшылар зейнетақы бағдарламасы мерзімсіз деп санайды. Бағдарлама бастау алған сәтте жұртшылық зейнетақы жинақтарын шешіпалуға жанталансса, қазір жинақтауға басымдық бере бастаған. Дегенмен, бағаның өсуіне зейнетақы жинағындағы қаражат қана әсер етпегендігін естен шығармаған жөн. Баспана бағасының өсуіне жеңілдік ұсынатын бағдарламаларының ықпалы басым. Бір ғана мысал, Ұлттық банктің соңғы есебіндегі мәліметке сәйкес, ипотекаға мемлекеттің қатысу деңгейі 90 пайыздан асып жығылады екен.

Мұнан өзге де болжамдар бар. Айталық, Қазақстан Риелторларының біріккен қауымдастығының мүшесі Марина Грушина жылжымайтын мүлік нарығы тұрақтанатындығын алға тартады.

«Бұған дейін орын алған дүрбелең енді болмайды. Зейнетақы жинағымен баспана сатып алуға өтінімдер бірен-саран ғана түсіп жатыр. Өйткені, өзінің зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алуға пайдаланғысы келген адамдар ендігі оны жұмсап та үлгерді», - деген еді ол БАҚ өкілдеріне сұхбаттарының бірінде.

Айта кетерлігі, баспана сатып алуға жеңілдік беретін бағдарламалардың таяу уақытта тыйылмайтындығын, соның себебінен баға төмендемейтіндігін алға тартатын сарапшылар да кездеседі.


Соңғы жаңалықтар