Келер жылы көкөніс егетіндерге 100 млрд теңгенің форвардтық несиесі бөлінеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдан бастап көкөніс егетіндерге 100 млрд теңгенің форвардтық несиесі бөлінеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төртінші мәселе – агробизнес экономикалық дамудың тағы бір қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл ең алдымен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамсыз ету және азық-түлік инфляциясын азайту үшін стратегиялық маңызы бар сала. Осы орайлы сәтте мен еліміздің барша диқандарына, ауыл шаруашылығы мамандарына тағы да ризашылығымды білдіремін», - деген Президент биыл астық жинау науқаны табысты аяқталғанын еске салды.

«Егініміз бітік шықты – рекордтық өнім, яғни, 23 млн тонна дәнді дақыл жиналды. Фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасын табады. Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизинге алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 млрд теңгеге көбейді. Соның арқасында диқандарымыз 1000-нан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ, егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі екі есе артты. Ал диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті. 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни, форвардтық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Осы мақсатқа шамамен 100 млрд теңге қаржы бөлінеді», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.

Сондай-ақ, «АруАна», «Бизнес Кемелдiлiк», «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының жеңімпаздары да марапатталды.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығына 281 үміткер өтінім тапсырған. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды.


Соңғы жаңалықтар