Келер жылы елордалық медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі – Алтай Көлгінов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Келесі жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 35 пайызға, ал орта персоналдың жалақысын 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдан бастап дәрігерлердің орташа жалақысы 60 пайызға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға өсті. Келесі жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 35%-ға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын 10%-ға арттыру жоспарланып отыр», - деп жазды елорда әкімі өзінің ресми Instagram парақшасында.

Бұдан өзге, шаһар басшысы Астанада жаңа ауруханалар бой көтеретінін мәлімдеді.

«Елорданың ауқымды жобаларының бірі темір жол ауруханасының (№3 көпсалалы қалалық аурухана) «Ramada Plaza» ғимаратына көшуі болып саналады. Ескі ауруханасының аумағына жаңа перинаталдық орталық салынады. Өйткені, бұл шағын ауданда осы мәселе (Сарыарқа ауданы) өте өзекті болып тұр. Бұдан бөлек, Алматы ауданында №1 көпсалалы қалалық ауруханасының жанында тағы бір перинаталдық орталық салынады.

Қадамдық қолжетімділік аясында соңғы 3 жылда 40 «Үй жанындағы дәрігер» нысаны (оның 7-еуі елді мекендерде орналасқан) ашылды. Жыл соңына дейін тағы 10 нысан ашуды жоспарлап отырмыз. Оған да жеке инвестицияларды тартамыз», - деп алдағы жұмыстардың жоспарын жариялады елорда әкімі.

Қоса кетсек, бұған дейін Алтай Көлгінов Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпір келесі жылы ашылатынын мәлімдеген еді. Оның ақпаратына сәйкес, бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасындағы қосымша байланысты қамтамасыз етеді.


Фото: instagram.com/altay_kulginov_official/


Соңғы жаңалықтар