Келер жылы екі ЖОО-да Цифрлық университет жобасы енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Цифрлық университет» пилоттық жобасы Қ. Сәтбаев атындағы Ұлттық ғылыми-зерттеу университеті мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде енгізіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық университет» атты үлкен пилоттық жобаны іске қосып жатырмыз. Ол үшін екі университетті таңдадық. Оның біреуі – ұлттық, екіншісі – аймақтық деңгейде. Ұлттық жоғары оқу орындарынан Қ. Сәтбаев атындағы Ұлттық ғылыми-зерттеу университеті, аймақтық жоғары оқу орындарынан Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті таңдалды. Цифрлық даму министрлігінің көмегі арқылы біз әлемдік тәжірибеде бар жаңалықтарды сынап көргіміз келеді. Жақын арада оның жобасын ұсынамыз. Бастаманы алғашқы кезеңде пилоттық режимде іске қосуды ұйғардық», - деді министр тілші сауалына орай.

Ілкі жоба 2023 жылы басталып, бір жыл бойы жүргізіледі. Тиісінше, келер жылдың қаңтарында оны іске асыру бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен жеке келісімге қол қою жоспарланып отыр.

«Цифрлық университет» жобасы білім беру процесіне ең заманауи технологияларды енгізуді, онлайн-платформаларды кеңінен пайдалануды, жекелеген білім беру салалары бойынша курстар мен жаңа форматтарды енгізуді көздейді.


Соңғы жаңалықтар