Келер жылы Ақтөбеде Әбілқайыр ханның 330 жылдығы аталып өтеді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Келер жылы Әбілқайыр ханның 330 жылдығына орай Т.Ахтановтың «Ант» қойылымы сахналанады. Ал Т.Ахтановтың 100 жылдық мерейтойы аясында халықаралық форум-фестиваль ұйымдастырылады.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы жылды қорытындылап, келер жылы қандай жұмыстар атқарылатынын айтты.

Облыста 20 мыңнан астам мәдени шара өткізілмек. Атаулы даталар мен мерейтойлар ескерусіз қалмайды.
«Бейбарыс сұлтанның 800, Әбілқайыр ханның 330, Сырым Датұлының 300, Т.Жүргеновтің 125, Т.Ахтановтың 100, Ө.Канахиннің 100, Н.Тапалованың 100 жылдығына арналған бірнеше шара бар. Әбілқайыр ханның 330 жылдығына орай Т.Ахтановтың «Ант» қойылымын сахналанып, Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай VІ халықаралық «Balausa» экспериментальды спектакльдер фестивалі өтеді. Ал Т.Ахтановтың 100 жылдық мерейтойына орай халықаралық форум-фестиваль, атақты биші, жерлесіміз Нұрсұлу Тапалованы 100 жылдығына арналған халықтық би ұжымдары байқауы ұйымдастырылады», - деді Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

Сонымен бірге облыста «Бақытты бала» халықаралық V ашық балалар фестиваль-байқауы, «Жұбановтар әуені-2023» халықаралық вокалистер фестиваль – байқауы, «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық форумы, республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы ұйымдастырылады. «Театр өнердің ұлы көші» республикалық халықтық театрлар фестивалі, «Сәйгүлік» атты Т.Досымов атындағы республикалық гитарамен ән орындаушылар байқауы, «Қобыланды деген ері бар» республикалық жыршылар байқауы, «Music Fest Open Air» ашық аспан астындағы музыкалық фестивалін өткізу жоспарланған.
Өңірде ескерткіштерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу, оны насихаттау, танымал ету бағытындағы жұмыс та жалғасады.
«2023-2025 жылдарға арналған жоспар бар. Барлық ескерткіштерді тіркеп, ғылыми айналымға енгізу үшін ақпарат жинау жалғасады. Кейін арнайы жинақ болып шығады. Біздің өңір – ескерткішке бай. Сол байлықты сақтап қалу мақсатында олқылықты болдырмауымыз керек. Мәселен Қобда ауданындағы Абат Байтақ қорымында жерленген жер көп. Қазіргі кезде адамдар ата-бабасын іздеп, тауып, ұлықтау үшін бейітті жаңартып кетеді. Бұл дұрыс емес. Аудан, облыстағы зерттеушілерге ештеңе ескертпейді, сөйтіп бізді нақтылықтан айырады», - деді облыстық өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Оның айтуынша, алдағы уақытта ғұн дәуірінің ескерткіштері зерттеледі.

«Үш жылға жуық барлау, анықтау жұмысы жүрді. Нәтижесінде ғұн дәуірінің мыңға жуық ескерткіш анықталды. Енді мақсат – сақтап қалу, зерттеу, насихаттау, әлемдік деңгейде таныту. Отандық ғылыми орталықтарды, академиялық институттар мен шетелдің жетекші ғалымдары мен ғылыми орталықтарының көмегімен зерттеу жұмысын жүргіземіз», - деді музей директоры.

Айта кетейік, 2023 жылы өңірде мәдениет саласындағы ғимараттарды жөндеу жұмысы жалғасады. Барлығы 5 жобаға 463 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылды.
«Әйтекеби ауданы Т.Жүргенов ауылындағы «Целинник» ауылдық мәдениет үйі, Алға ауданы Тамды ауылдық клубы, Алға ауданы Тікқайың ауылдық клубы, Алға ауданы Қайнар ауылындағы клуб, Маржанбұлақ мәдениет үйі тізімде бар. Бәріне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі», - деді Алтынай Юнисова.


Соңғы жаңалықтар