Келер жылғы бюджеттен Тұрғын үй құрылысы бағдарламасына 87,7 млрд. теңге қарастырылып отыр

None
None
 АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Алдағы жылғы бюджеттен Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасына 87,7 млрд. теңге қарастырылып отыр.

 Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үш жылдық бюджет жобасында Тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды аяқтауға қатысты қаржы қарастырылды. Бұл қаражат мөлшері 2008-2010 жылдарға Мемлекеттік бағдарламада бекітілген көлемде бөлінеді деп жоспарлануда. Яғни, 2010 жылға аталған бағдарламада 87,7 млрд. теңге қаражат жұмсалады. Оның ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын дамытуға 12,5 млрд. теңге, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін кредиттеуге 15,1 млрд. теңге бөлінеді. Сонымен бірге, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша үлескерлердің проблемаларын шешу үшін тиісті инфрақұрылымды салуға 10 млрд. теңге сомасында қаражат қарастырылады», деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуына қарағанда, бұдан басқа бюджет жобасында көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қаражат бөлу жоспарланған. Атап айтқанда, Көлік стратегиясын іске асыру шеңберінде 2010 жылы - 170,6 млрд., 2011 жылы - 246,8 млрд., 2012 жылы 274,7 млрд. теңге жұмсау көзделеді. Сонымен бірге, еліміздегі халықаралық транзиттік дәліздерді дамытуға 2010 жылы - 22,9 млрд., 2011 жылы - 16,6 млрд., ал 2012 жылы 28 млрд. теңге жұмсалады деп айқындалған.   

Соңғы жаңалықтар