Келбеті көз сүйсіндірер Көкшетаудың көрікті орындары қандай – фоторепортаж

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде бірегей сәулетімен, зәулім ғимараттарымен, кең даңғылдарымен, көк желекке оранған гүлзарлары мен саябақтармен көркейіп келеді. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі қаладағы негізгі көрнекі орындарға шолу жасайды.

Ту туғыры

Көкшетаудың ең биік нүктесі Бұқпа тауының төбесіне орнатылған 100 метрлік ту тұғыры ел мен егемендік мүддесінде бір туға жиналғандығын білдірсе, екіншісі елдің егесі, киесі барын да алыстан айшықтап тұрады. Қала тұрғындары мен қонақтары таудың басына көтеріліп, биіктіктен қаланың әсем көрінісін тамашалай алады.

Вolashaq Saraiy

Көкшетаудағы әсем әрі қазіргі замаңғы ғимараттардың бірі – 2020 жылы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық аясында салынған балалар мен студенттердің «Вolashaq Saraiy» сарайы дер едік. Ғимараттың құрылыс архитектурасы заманауи шешімдермен, ерекше формалармен толықтырылған және әзірлеуші компанияның инновациялық ойлауының жоғары деңгейін көрсетеді. Германияның заманауи жабдықтарымен жабдықталған және өнер мен ғылымның кез келген бағытында білім берудің шексіз мүмкіндіктеріне ие. Мұнда оқушылар мен студенттер өнер, спорт, ғылыми-техникалық, IT бағытында өздерінің дарындылықтары мен таланттарын дамыта алады. Ғимараттың ауласындағы түрлі түске енетін субұрқақта әдемі. Аналар балаларымен бірге бұл жерде көңілді уақыт өткізе алады.



Жағажай

Сонымен бірге Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында салынған нысанның бірі – бүгінгі күні қала тұрғындары мен қонақтарының демалып, серуендейтін сүйікті орны Қопа көлінің жағажайы. Суға түсіп, күнге қыздырынып, көңіл сергітер жағажайдың ашылуы қала халқына жаңа бір тыныс болды. Ұзындығы 1,5 шақырым аумақты алып жатқан жағажайда амфитеатр, балалар мен спорт алаңдары, велосипед жолдары бар.

Амфитеатр

Қылшақты өзенінің Назарбаев даңығылы арқылы өтетін көпір және Абылай хан даңғылы арқылы өтетін тұсында ашық аспан астындағы амфитеатр да көкшетаулықтардың кешкілік уақытта серуендіп, суретке түсетін сүйікті орнына айналған.


NEKE Saraiу

Шығыс сәулет өнерінің классикалық үлгісімен салынған жаңа «NEKE Saraiу» неке сарайы. Ғимарат алып киіз үй үлгісінде тұрғызылған. Сәулеті келіскен, қазіргі заман талабына сай мұндай ғимараттар республиканың бірқатар облыс орталықтарында ғана кездеседі.


Қалаға кіреберістегі қақпа

Еліміздің Тәуелсіздігі мен Көкшетаудың еңсесін көтеріп тұрған нысандардың бірі Нұр-Сұлтан бағытынан қалаға кіре берістегі қақпа деуге болады. Егемендік жылдары қол жеткен жетістіктерімізді айғақтайтын қақпа бүгінгі Көкшетаудың келбетін келістіріп ақ тұр. 2015 жылы тұрғызылған сәулет құрылысының биіктігі 15 метр, ұзындығы 40 метр. Орта тұсында үлкен әріппен «Көкшетау» атауы жазылған.

«Қоғамдық келісім» сарайы

Көкшетаудың замануи үлгіде салынған «Қоғамдық келісім» сарайы өңірдегі түрлі ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақтың астына ұйыстырған орындарының бірі саналады. Қопа көлінің жағасында орналасқан әсем сәулет нысаны қала қонақтары мен тұрғындарын анадайдан өзіне тартады. Ал бірлескен өмірге қадам басқан жас жұбайларға Достық үйінің қасында суретке түсу – мерекелік іс-шараның ажырамас нышаны.


«Көкшетау» мәдениет сарайы

Бүгінгі таңда Көкшетаудағы әлеуметтік-экономикалық сипаттағы нысандар қалпына келтіріліп, күнделікті тұрмысқа қатысты түйткілді мәселелер шешімін табуда. Соның ішінде «Көкшетау» мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, сырт келбеті жарқырап шыға келді.

Сарыарқа шағынауданы

Көкшетау қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Әсіресе, Қопа көлінің оңтүстік шығыс жақ тұсында жаңадан бой көтерген Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың сұлулығы ерекше. Қызыл кірпіштен салынған әсем үйлер мен тақтайдай теп-тегіс жолдар алыстан көз тартады.

Мешіт пен собор

Көкшетаудың тағы бір архитектуралық «маржаны» - ол қаланың қақ төрінде орналасқан Науан Хазірет мешіті мен Қопа көлінің жағалауынан орын тепкен Воскресения Христова кафедаральды соборы.



Соңғы жаңалықтар