Кек алмақ болған: Сатбаевта қарудан оқ атқан жігіт ұсталды

None
None
СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат - Сәтбаевта жас жігіт жанжалдасқан адамынан кек алу мақсатында жеке үйдің қақпасына оқ атқан. Алайда үйлерді шатастырып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының полиция бөліміне белгісіз тұлға атыс қаруын қолданып, жеке үйдің металл қақпасына оқ атқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына бірнеше минуттан кейін жедел-тергеу тобы жетті.

Белгілі болғандай, тұрғын үйде 57 жастағы отағасы, оның 49 жастағы әйелі және екі баласы болған. Атыс болған кезде бәрі ұйықтап жатқан. Криминалдық полиция қызметкерлері бейнебақылау камерасын қарау кезінде үйдің жанынан өтіп бара жатқан көлікті анықтады. «Ізін суытпай» аталған автокөлік құралы ұсталды. Рульде болған 18 жастағы жігіт қақпаға оқты оның 19 жастағы танысы атқанын мәлім етті. Сондай-ақ, полицейлер олардың көлігінен тегіс ұңғылы мылтық тауып, тәркіледі.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында жедел уәкілдер оқ атқан жігіттің орналасқан жерін анықтап, оны полицияға жеткізді. Қаскүнем жәбірленушілермен көрші тұратын қала тұрғынымен дұшпандық қарым-қатынаста болғанын түсіндірді. Ол жанжалдасқан адамынан кек алмақшы болып, түнде оның үйіне барған. Алайда түнде ол үйді шатастырып, бұл оқиғаға мүлдем қатысы жоқ адамның үйіне келіп, қақпасына оқ атқан», - деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.

Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабы «Бұзақылық» және ҚР ҚК 287-бабы «Қаруды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Соңғы жаңалықтар