Кедейлік шегі енді медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады – Тамара Дүйсенова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда кедейлік шегі медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады.

Бұл туралы Сенатта Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кодекстің келесі жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейді.

Бұл ретте Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту (500 мыңнан астам ананы қамтиды); Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бастапқы капитал ретінде енгізу (6 млн-нан астам баланы қамтиды); 6-дан көп баланы дүниеге алып келген аналарға наградталған ана деген жаңа мәртебе қаралып, жәрдемақы мөлшерін ұлғайту (250 мыңнан астам ананы қамтиды).

«Тағы бір маңызды өзгеріс – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің орнына медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады. Бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі зерделенді. Осы ұйымға кіретін 8 мемлекет осы тәсілді пайдаланып келеді», – деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр Отбасының цифрлық картасы жайында түсіндірді.


Соңғы жаңалықтар