Кедейлік шегі енді медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады - Дүйсенова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік кодекстің екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Оған сәйкес, мемлекеттік қолдау, алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылады. Бұл ретте 2 мәселеге баса назар аударғым келеді. Бірінші цифрлық картадан көпбалалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болу ықтималдығы жоғары екендігін көрдік. Сондықтан, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, балаларды қорғаудың қосымша атаулы іс-шаралары қарастырылып жатыр. Осы бағыттағы тағы бір маңызды өзгеріс – атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Оның атап өтуінше, егер күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы саналады.

«2025 жылдан атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе халықтың орташа табысынан төмен табысы бар азаматтарға беріледі. Әрине, оның сомасы қомақты және атаулы шаралармен бірге беріліп, отбасылардың қиын өмірлік жағдайдан шығуын қамтамасыз етеді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар