Кедергісіз сайлау: мүмкіндігі шектеулі алматылықтар үшін барлық жағдай жасалды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қаланың барлық сайлау учаскелерінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№91 учаскелік комиссия төрағасы Ғазиза Аманбайдың айтуынша, мүгедек адамдар дауыс беретін кабина кәдімгі кабиналарға қарағанда кеңірек.

«Кабиналар кең. Сонымен қатар ішінде үстел шамы, үлкейту әйнегі, трафареттер, құлаққаптар бар»,- дейді №91 учаскелік комиссияның төрағасы Ғазиза Аманбай.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды сайлау учаскелеріне инватаксилер жеткізуде. Бүгін қала бойынша 100 инватакси қызмет көрсетіп жатыр.

«Мен сайлау учаскелерінің мүгедектерге қаншалықты қолжетімді екенін көру үшін сайлауға өзім келуді шештім. Сайлау учаскесі орналасқан №72 мектепте ҚНжЕ сәйкес келетін тактильді жол, пандустар бар екенін көрдім. Дауыс беру кабинасында болған кезде мен Брайль шрифтімен жазылғанын байқадым. Яғни, зағиптарға барлығы қолжетімді. Біз сайлауға басқалар сияқты келіп, өз дауысымызды бере аламыз, өз ұстанымымызды көрсете аламыз. Бұл «инклюзия»,-деп бөлісті мүгедектер арбасына таңылған Меруерт Құлахметова.

Сонымен қатар Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау үшін қаланың медициналық-әлеуметтік мекемелерінен 10 автокөлік кезекшілігі ұйымдастырылды. Сыртқа шыға алмайтын сайлаушылар үйде дауыс берді.

Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Алматыда сайлау құқығына ие ерекше қажеттілігі бар 39 570 адам тұрады.


Соңғы жаңалықтар