«Кедендік одақтағы қазақтың еншісі - 7 пайыз!» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 19-ы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Виктор Януковичпен телефон арқылы сөйлесті. Украина басшысы ҚР Президентінің Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын қабыл алды және өз кезегінде Қазақстан басшысын Украинаға келуге шақырды.

«Әңгімелесу барысында тараптар қазақстан­дық-украиналық сауда-экономикалық қарым-қатынастардың кешенін қарастыратын және ғарыштық саланы қоса алғанда ынтымақтас­тықтың жаңа бағыттарын айқындайтын үкімет­аралық комиссияның отырысын өткізу туралы келісімге қол жеткізді», деп жазады басылым.

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көксарай су реттегіші бірінші кезегінің аяқталған құрылысын аралап көрді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Көксарай ел үмітін ақтады» деген тақырыппен мақала басылды. Онда Елбасының «Біз еліміз үшін аса ма­ңызды стратегиялық нысанның құрылысын іске қосу арқылы көптеген проблемаларды шеш­тік. Атап айт­қан­да, су көлемін сақтап қал­­дық. Таңдайы кебірсіген Арал­ға жаз бойы су жіберіледі. Екін­ші­ден, Сыр жағасында отыр­ған ауылдарды тасқын су­дан қорғау мақсатында мемле­ке­тіміз жыл сайын орасан қара­жат жұмсай­тын. Сол әбігершіліктен құтыл­дық. Үшіншіден, суармалы жер көлемі молаяды. Көксарайдың сыйымдылығы 3 млрд. текше метр. Су көп болған жылдары жүз мыңдаған гектар жерге жүгері егіп, мал азығын қамдап алуға болады», деген сөзі келтірілген.

Елбасының оңтүстік өңірге сапары жайында «Айқын», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда», «Литер» басылымдары да егжей-тегжейлі жазған.

«Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Елімен ете Елбасы» айдарында ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің «Жан жадыратар жасын сөз» деген тақырыппен көлемді мақаласы басылды. Мақалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірінде кездескен қызықты эпизодтар топтастырылған.

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Жоғарғы комиссары босқындар ісі жөніндегі басқармасының Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы Сабер Азамды қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Кездесу барысында ҚР мен БҰҰ ЖКББ арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланған. Басылымның атап өтуінше, Қ.Тоқаев С.Азамды үстіміздегі жылғы мамырда Алматыда «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламенттік жиыны өтетіні туралы хабардар етіп, БҰҰ ЖКББ өкілдерін осы шараға қатысуға шақырды. С.Азам БҰҰ ЖКББ-мен ын­ты­мақтастығы үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтып, ҚР мен БҰҰ ЖКББ ара­сындағы екіжақты қарым-қа­тынастарды одан әрі белсен­ді­ру жайында ойларын білдірді.

«Казахстанская правда» газеті де осы кездесуге кеңінен тоқтала келіп, Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың «Біз босқындармен жағдайды тұрақтандыруға және жақсартуға бағытталған БҰҰ ЖКББ қызме­тін жоғары бағалаймыз. Бос­қындар мен көшіп-қонушылар құ­қықтарын қорғау - біздің елі­міздегі басым міндеттердің бірі», деген сөзін келтірген.

***

«Абай ауылын су басты». «Айқын» газетінің жазуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылының басындағы бөгеттен асқан жаңбыр мен еріген қардың суы 60 шақты тұрғын үйді басып қалған. 200-дей адам қауіпсіз жерге көшірілген. Зардап шеккендер жоқ. Еліміздің шығыс өңіріндегі жағдаймен жете танысқыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөміріне назар салыңыз.

«Қазақ елі «Үштік одаққа» қосылғаннан ұта ма, ұтыла ма» деген сауал қос шатырлы Парламент қабырғасын әлі кезіп жүр. Өткенде Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова Кедендік одақтың қамыты мойынға киілісімен, қазақстандық қазына 70 миллиард теңге кедендік түсімнен айырылатындығын мәлімдеген болатын. Ал кеше Жоғарғы палатаға бас сұққан Үкіметбасы Кәрім Мәсімовтен сенаторлар осыған түсініктеме талап етті», деп жазады «Айқын» газеті. Премьер-Министрдің депутаттарға қайтарған жауабын егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Кедендік одақтағы қазақтың еншісі - 7 пайыз!» атты мақалаға назар салыңыз.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор Кәрімбек Құрманәлиев. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген ол «ана тілінің қадір-қасиетін түсінбей, құдіретін танымай, шет тілін үйренем деу, жұмсартып айтқанда, сорақылықтың бірі көрінісі дер едік», депті. «Жоғары оқу орындары халықаралық талаптарға жауап бере алатын сапалы білім беру қажеттігін мықтап түсінуі керек» деген тақырыппен жарық көрген сұхбаттың толық нұсқасын басылымның жұма күнгі нөмірінен оқыңыз.

***

Қазақстанды қорғауға 70 мың әскер жете ме? «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарында берілген осы сауалына жауап берген Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижанұлы «елімізді қорғауға 70 мың әскер жеткілікті деп толық айта аламын. Сондай-ақ әскеріміздің әлеуетін де жоғары бағалаймын. Қай жағынан болсын, заманауи талаптарға сай дайындықтан өткен және жабдықталған әскерімізге толық сенуге болады», десе, генерал-майор, әскери сарапшы Әмірбек Төгісов «70 мың әскер елімізді қорғауға жеткіліксіз. Жеріміздің көлемі жөнінен әлем бойынша 9-шы орында тұрғанымыз әмбеге аян. Осынша кең байтақ жерді қорғау үшін 70 мың әскердің күші жетпесі анық. Еліміз Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түрікменстан елдерімен шекаралас жатыр. Сондай-ақ арамызды теңіз бөліп жатқан елдер де баршылық. Осы орайда шекараға берік болмасақ, болмайды», депті.

«Сәрсенбіден бейсенбіге ауған түні дүниені дүрліктірген тасқын «Шығыс Қазақстан облысының Абай және Тарбағатай аудандарына да жетті. Семей және Өскемен қаласы тұрғындарында да маза жоқ», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Назар салыңыз, мақала «Тарбағатайды - тасқын, Шыңғыстауды су алды» деген тақырыппен берілген.

«Экспресс К» газетінің жазуынша, Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы қайғылы оқиғаны тексеру барысында жан түршігерлік фактілер анықталуда. Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, су қоймасының егесі егістік суғару маусымында судың 1 текшеметрін 23 теңгеден сатқан. Олардың айтуынша, бір маусымда ол 200 миллионнан астам теңге жинап отырған. Тағы бір қызықты факт «су қожайыны» Талдықорған прокуроры Азамат Бекеевтің әкесі екен.

Соңғы жаңалықтар