Кедендік құнын төмен көрсетіп, салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлер анықталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кедендік құнын 10 есеге дейін төмен көрсетіп, 22,6 млн теңге салық төлеуден жалтарған компаниялар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қазақстандық компания Қытайдан құны 41,8 мың доллар болатын шаруашылық тауарларын импорттаған. Алайда, көршілес елдің бас кедендік басқармасының дерегіне сәйкес, ол тауардың құны 171,4 мың долларды құрайды.

«Осылайша, бұл компания кедендік құнын 4 есеге немесе 129,6 мың долларға төмендеткен. Өндіріп алынуы тиіс кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы 12 миллион теңгеден астам соманы құрады. Сол сияқты, тағы бір компания 241 мың доллар тұратын мата тауарының кедендік құнын 24 мың доллар деп көрсеткен. Сәйкесінше тауар құны 10 есеге төмендеген. Өндіріп алынуы тиіс кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы – 22,6 млн теңге», - деп жазды ведомство.

Кеден заңнамасын бұзушылықтың тағы бір мысалы – жеке кәсіпкер ішкі микросхемалары жоқ теледидар корпустары атын жамылып, SMART TV функциясы бар LED теледидарларын әкелген. Бұның да анық-қанығы ҚХР кеден басқармасының ақпараттарын салыстыру кезінде белгілі болған.

Мемлекеттік кірістер комиеті жыл басынан бері тауарлардың кедендік құнын төмендету фактілері бойынша қосымша 9,4 млрд теңге өндірілгенін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар