Кедендік бақылау комитетін министрлік құрамынан шығарып, мәртебесін арттыру қажет

None
None
  АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеден ісін дамыту бағытында Кедендік бақылау комитетінің мәртебесін де арттыру керек.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында кеден мәселелеріне қатысты заң жобаларын талқылау барысында сенатор Ғани Қасымов осындай мәселе көтерді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі талқыланған жоба бойынша Қазақстан шекарасындағы бақылаулар кедендік органдарға берілетін болса, онда кедендік бақылау комитеті өзіндік мәртебеге ие болуы да шарт. Кеден органының шешімі шекарадан өткізу бекеттеріне қатысатын барлық министрліктер мен ведомстволарға да міндетті болуы тиіс. Ал бүгінгі Қаржы министрлігінің құрамында отырған Кедендік бақылау комитеті ешқандай да құқықтарға ие бола алмайды. Сондықтан да, бұл орган Мемлекеттік Кедендік бақылау комитеті ретінде дербес құрылып, оның шешімі барлық органдарға міндетті болуын қарастыру қажет», деді сенатор Ғ. Қасымов.

Сонымен бірге, кеден органының мәртебесін заңдық тұрғыдан бекітуді көтерген сенатор, «министрліктің құрамында отырып комитеттің еліміз үшін аса салмақты, экономикалық басымдыққа ие саласымен айналыса алмайтындығын» атап өтті. Сондықтан да, депутаттың айтуынша, кеден ісін дамытуға қатысты шараларды бөлшектемей, кешенді түрде шешу қажет. «Оның үстіне бұл салаға мықтап көңіл бөлу республика қауіпсіздігін жіті бақылаумен бірдей. Тіпті, біз кеден саласында қандай одаққа кірсек те ең алдымен өзіміздің фискалды саясатымызды қорғауымыз керек. Бұл Үкіметтің экономика мәселесіндегі ең өзекті, ең өткір құралы», деді Ғ. Қасымов. Сонымен бірге, сенатор сөз арасында  кедендік статистикаға да баса мән беру қажеттігін айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар