Кедендік айыппұл АЕК-пен емес, декларацияланбаған тауар құнының сомасымен есептеледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында кедендік айыппұлдарды айлық есептік көрсеткішпен емес, декларацияланбаған тауар құнының сомасымен есептеу жолға қойылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұдан басқа, шекара маңындағы теміржол станцияларында «Қазақстан темір жолы» мен Мемлекеттік кірістер комитеті арасындағы бизнес-процестерді жеңілдету, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті, «Қазақстан темір жолы» және Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпараттық жүйелерін интеграциялау жоспарланған», -деді ведомство басшысы.

Министр Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен қытай тауарларын әкелу мәселесіне жеке тоқталды.

«Қырғыз тарапымен Қазақстанға әкелінетін тауарлар бойынша мәліметтер алмасу және тауарға ілеспе құжаттарда дұрыс көрсетілуі жөнінде келіссөз жүріп жатыр.

Қырғызстан мен Ресейден әкелінетін тауарлардың тізбесін кеңейту жоспарланып отыр. Оларға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен қосылған құн салығын төлеудің

толықтығын қамтамасыз ету үшін бағаның ең төменгі деңгейін бақылау қолданылатын болады.

Уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын біліктілік талаптары заңнамалық түрде күшейтілу жоспарлануда.

Сондай-ақ, кеден саласындағы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Мұнда айлық есептік көрсеткішпен айыппұлдың орнына декларацияланбаған тауарлар сомасына проценттік қатынастағы айыппұл енгізу көзделеді», -деді Ерұлан Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар