Кеден одағы мемлекеттері ДСҰ‑ға бір мезгілде, бірегей шартпен кіруге ұмтылып отыр

None
None
АСТАНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Осы аптада ҚР Вице‑премьері Өмірзақ Шөкеев Мәскеуде өткен Қазақстан, Ресей, Беларус елдері арасындағы Кедендік одақ комиссиясының кезекті отырысына қатысып қайтты.  Комиссияның кезекті жетінші отырысында он үшке жуық мәселе талқыланса, оның ішіндегі ең маңыздысы ДСҰ‑ға кіруге қатысты әңгіме болғандығы белгілі. 

Мәскеудегі жиын қорытындысына сәйкес комиссия отырысына жетекшілік еткен Ресей Үкіметінің бірінші вице‑премьері Игорь Шувалов ДСҰ мәселесіне қатысты өздері күткендей маңызды шешім қабылданғанын жариялады. Яғни, ендігі күні Қазақстан, Ресей, Беларус мемлекеттері ДСҰ‑ға бір мезгілде, бірегей шартпен кіруге ұмтылатын болады.

 

Тоқтала кететін жайт, бұған дейін аталған үш мемлекет ДСҰ‑ға Кедендік одақ  аясында кіруді жоспарлағаны жарияланып, бірақ ондай бірігіп кіру қадамының машақаты көптігі туралы әңгіме болған еді әрі алып халықаралық сауда ұйымына одақ боп кіру тәжірибесінің бұрын‑соңды болмағаны, сондықтан ондай қадамға біршама тараптардың қарсылығы айтыс‑тартыстың көрігін қыздырған.  Келісім бойынша Қазақстан, Беларус, Ресей  ДСҰ-ға кіру үшін бұған дейінгі жүргізіп келген келіссөздерін сол деңгейде тоқтатып, ұйымға кірудің келісім жүйесі үш мемлекеттің Кедендік одағы арқылы жүргізілуі керектігі айқындалған. Ал Мәскеуде өткен осы аптадағы кездесу барысында  Қазақстан, Беларус, Ресей елдерінің ДСҰ‑ға кірудегі мүддесін қорғайтын сарапшылардың бірегей тобы құрылды. Үш мемлекеттің де өкілдері қатысатын Сарапшылар тобы ДСҰ‑ға кіру келіссөздерін Кеден одағы атынан да және әр мемлекет атынан жеке дара да жүргізетін болады. Бұндағы мақсат аталған ұйымға Кеден одағы аясындағы ауызбіршілікті келісім негізінде ену болып отыр.  

«Сарапшылар тобы Кеден одағының ДСҰ‑ға және Қазақстан, Беларус, Ресей мемлекеттерінің ДСҰ‑ға тиімді жағдайда, яғни өзара келісілген жағдайда кіруі үшін келіссөздер жүргізетін болады. Үш мемлекеттің бір мезгілде, бірегей шартпен ұйымға кіруі біз үшін басым мәселе болып табылады. Жалпы заңдық тұрғысынан алғанда үш мемлекет ДСҰ‑ға жеке‑жеке кіре алады әрі кейбір мәселелерде Кеден одағы аясында келісімге келе алады. Ең бастысы - біз ұйымға кіруде өзара сенімділікпен жұмыс істеудеміз», дейді И. Шувалов.

 

Жалпы, үш мемлекет арасындағы Кеден одағы 2010 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс жасай бастайды деп жоспарлануда. Бұл бағыттағы шаруалардың басым бөлігі игерілген секілді. Сондықтан да, бірқатар сарапшылар Кеден одағын Қазақстан, Беларус пен Ресейдің ДСҰ‑ға кіруге дайындығы немесе алғашқы табалдырығы, яки ұйымға кіру жоспары деп санайды. Қалай дегенмен де, Қазақстан үшін сауда ұйымына кірудегі әуелбастан ұстанған саясатын қорғауда біршама күш салуға тура келеді. Оның маңыздысы - кедендік одақ әріптестерімен келіссөздерде мемлекеттік ұстанымды алдыға шығара білу. Өйткені, келер жылдан бастап күшіне енетін Кеден одағының қызметі Қазақстан экономикасына тиімділігін көрсетсе, ДСҰ‑ға қарай да батыл қадам жасауға болады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан, Ресей мен Белоруссияның ДСҰ-ға кіру туралы тақырыптық келіссөздері ағымдағы  қыркүйек айында талқыланатын болады.

 

Осы аптада Бурабайда Мемлекет Басшысы Н. Назарбаевтың қабылдауында болған ҚР Вице-премьері Өмірзақ Шөкеев Мәскеудегі келіссөздер қорытындысы жайын әңгімелеп берді. Өз кезегінде Елбасы: «Қазақстан, Ресей және Беларус арасындағы кедендік одақ біздің елдің ықпалдастыру бастамамыздың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ресеймен, Беларуспен бірге біздер бірыңғай команда құрдық, ол әр мемлекеттен үштен бір өкілдерден тұратын және әр мемлекетті барлық келіссөздерде білдіретін болады. Бұл экономикалық жағынан тиімді болады. Барлығын да жыл аяғына дейін аяқтау қажет және егер қаңтардың 1-інде Кедендік одақ жұмыс істейтін болса, онда бұл біздер үшін өте пайдалы және маңызды болмақшы», деп атап өтті.

 

Сонымен бірге,  Елбасы Бурабайда республикалық бюджет мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңесте 2010-2012 жылдарға арналған бюджеттің негізгі өлшемдері талқыланды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов 2010 жылға арналған бюджеттің көрсеткіштерін ұсынды. Жобада  Мемлекет басшысының азаматтарды әлеуметтік қорғау, «Жол картасын» жүзеге асыру, дағдарысқа қарсы шаралар және перспективалы инфрақұрылымдық жобалар бойынша тапсырмалары ескерілген.   «2010 жылдың бюджетін қалыптастыру оңай болған жоқ, әлемдік қаржы дағдарысы жалғасуда. Біз әлемдік қаржы дағдарысындағы жағдайдың түбегейлі жақсаруын көріп отырған жоқпыз. Негізгі тауарларға бағаның секіртпелі өсуі және төмендеуі жалғасуда. Сондықтан қаржыны қатаң түрде үнемдеу өте маңызды болып қала бермек. Біз бюджетті Ұлттық қордың, алтын-валюта резервтерінің сақталуы тұрғысынан егжей-тегжейлі қарастырамыз. Осыған байланысты мемлекеттің барлық шығындарына түзету енгізуге тиіспіз. Біз тиімділік беретін қажет нәрселерге ғана қаржы салуымыз қажет. Ал басқа қалған мәселелерді, турасын айтқанда, жақсы кездерге дейін  кейінге қалдыруға тиіспіз. Бірінші жартыжылдықта жағдай өзгеруі мүмкін және бірінші жартыжылдықтан кейін де бюджетті қайта қарап, қандай да бір бағдарламаларды қоса аламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

                          *                     *                           *

2010 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстандағы жекеменшік клиникалар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген қызметтерін ұсына алатын болады. Яғни, Денсаулық сақтау министрлігі енгізіп отырған жаңа жүйе бойынша қазақстандық пациент кепілдендірілген медициналық қызметтің түрін өзі таңдаған  кез‑келген жекеменшік клиникадан да ала алады деген сөз. Ал ондай жекеменшік клиникаларға түсетін шығынды мемлекет көтеретін болады. Бір сөзбен айтқанда, жұртшылық бұған дейін тегін медициналық қызмет үшін тек мемлекеттік мекемедегі клиникаларға жүгінген болса, ендігі күні жекеменшік клиникалар да бұған тартылады.

Министрліктің енгізіп отырған бұндай жүйесінен не күтуге болады? Әрине, бұл шарадан ең алдымен жекеменшік клиникалар арасындағы бәсекелестік арта түседі. Ал бәсекелестіктің артуы ұсынылатын медициналық қызметтің сапасын да арттыратыны сөзсіз. Сонымен бірге, кепілдендірілген қызметті жеке клиникаларға бөліп беру  ауруханалардағы ұзын‑сонар кезекті біршама сейілтетін түрі бар. Яғни, медициналық қызмет бойынша азаматтардың таңдау құқына мемлекеттік қолдау жасалады деген сөз. Ал ондай бәсекелестіктің жандана түсуі медицина саласынан білікті мамандардың кетуіне де тосқауыл жасамақ.   

Осыған байланысты ағымдағы тамыз айында еліміздегі медицина мекемелерінің Денсаулық сақтау министрлігінен аккредитациядан өтуі  басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін аккредитация үдерісінен өтуге республикамыздың 912 стационарлы медициналық ұйымы өтініш білдірген. «Аталған 912 медициналық ұйым бағалау жұмыстарын жүргізіп, облыстық денсаулық сақтау басқармаларынан оң қорытынды алған. Оның ішінде 170‑іне қатысты аккредитациялық комиссияның соңғы шешімін шығару үшін негізгі көрсеткіштерге сараптама да басталып отыр», дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету аясын бақылау жөніндегі комитеттің төрайымы Салидат Қайырбекова. Оның айтуынша, аккредитациядан өткен  медициналық ұйымдар министрлік тарапынан болатын тексерістерден ада болады.   

Соңғы жаңалықтар