Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.01 eur/kzt 490.15

    rub/kzt 7.81 cny/kzt 70.64
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Кеден одағы аумағында алып жүруге болатын тауарлар көлемі ұлғайды

2022 жылғы 16 сәуір 14:15

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - 2022 жылғы 1 қазанға дейін жеке тұлғалар Еуразия экономикалық одағы аумағында әуе көлігінен басқа кез келген жолмен 1000 еуроға дейінгі немесе салмағы 31 килограмға дейінгі тауарларды тасымалдай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқарды.

ЕЭК Кеңесі 50-ге жуық мәселені қарады.

Кеңес мүшелері Қазақстанның ЕЭК алқасы жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы бастамасын қолдады.

Осылайша, қатысушы елдердің уәкілетті органдары үшін алқа отырысын трансляциялау туралы шешім мақұлданды.

Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық мүддесін қозғайтын мәселелер бойынша шешім қабылдау процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бірінші қажеттіліктегі тауарлардың тапшылығын болдырмау және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде әлеуметтік шиеленіске жол бермеу мақсатында Кеңес мүшелері жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу нормасын ұлғайту туралы шешім қабылдады.

2022 жылғы 1 қазанға дейін жеке тұлғалар әуе көлігінен басқа кез келген жолмен 1000 еуроға дейінгі немесе салмағы 31 килограмға дейінгі тауарларды тасымалдай алады.

Авиакөлікпен әкелу нормасы ағымдағы деңгейде қалады: 10 000 еуроға немесе 50 килограмға дейін.

Тараптар сондай-ақ Кеден одағының «Парфюмерлік-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзгерістер қабылдауды мақұлдады.

Атап айтқанда, өзгерістер парфюмерлік-косметикалық өнімдерде қолдануға тыйым салынған және рұқсат етілген заттарды ЕО Регламентімен үйлестіруді көздейді.

Мәселен, ЕАЭО-дағы парфюмерлік-косметикалық өнімдерде пайдалануға тыйым салынған заттардың тізбесі 296 позициямен толықтырылды, оның алтауы бұрын рұқсат етілгендер тізіміне енген.

Рұқсат етілген заттардың тізімі 12 позициямен толықтырылды.

Бұл ЕАЭО аумағында халықтың денсаулығы үшін ықтимал қауіпті өнімді пайдалану мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді.

ЕЭК Кеңесінің мүшелері ЕАЭО туралы шартта көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттердің тауарлармен өзара саудадағы шектеулерді енгізуі және алып тастауы кезінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимыл жасау тәртібін мақұлдады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, тараптар шектеулер күшіне енгенге дейін 10 күннен кешіктірмей әкелінетін шектеулер туралы бір-бірін және Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етуге міндеттенді.

Сондай-ақ консультация өткізу, оның ішінде барлық немесе жекелеген мүше мемлекеттердің шектеу шараларын іске асыруының орындылығын талқылау мүмкіндігі көзделген.

«Өзара іс-қимылдың бірыңғай тәртібі мүше мемлекеттердің ашық, болжамды іс-қимылдары, оларды енгізудің қажеттілігі мен мерзімдерінің негіздемелері есебінен енгізілетін шектеулердің теріс салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, одаққа қатысушы елдер де, олардың елдерінің бизнесі де көршілердің енгізген шектеулері туралы білмей, оларды тек экспорт кезінде ғана шекарада кездестіретін жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Кеңес мүшелері ЕАЭО техрегламенттерін әзірлеу, қабылдау, өзгерту және күшін жою тәртібіне енгізілген өзгерістерді де мақұлдады.

Жаңартылған тәртіп техрегламенттерді әзірлеу рәсімдерінің мерзімін қысқартуды және оларды оңтайландыруды, ұлттық келісу рәсімдерін реттеушілік әсерді талдаумен үндестіруді көздейді.

Қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша жұмыс топтары қызметінің реттелуі мен тиімділігі үшін жұмыс топтары бойынша үлгілік ереже енгізіледі.

Рәсімдерді жетілдіруді қамтамасыз ететін ұқсас өзгерістер халықаралық және өңірлік (мемлекетаралық) стандарттардың тізбелерін әзірлеу және қабылдау тәртібінің жаңа редакциясына енгізілді.

2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін орнықтылықты бақылаудың электрондық жүйелерімен жарақтандыру бөлігінде КО ТР 018/2011 «Дөңгелекті құралдардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының қолданыстағы регламентінің талаптарын уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.

Бұл жекелеген мүше елдердің автомобиль өндірушілерінің осындай жүйелерді жеткізудегі қиындықтарына байланысты, бұл автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарына қауіп төндіреді.

Кеңес барысында ЕАЭО-ға мүше елдердің үкіметтері басшыларының орынбасарлары ЕЭК Алқасы мүшелерінің 2021 жылы ЕАЭО-ның халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын іске асыру туралы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберіндегі жобаларды іске асыру туралы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою жөніндегі 2021 жылғы жұмыс нәтижелері туралы баяндамаларын және тағы басқаларын қарады.

ЕЭК Кеңесінің отырысы барысында қатысушылар мамыр айының соңына жоспарланған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының күн тәртібін келісті.

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің келесі отырысы ағымдағы жылғы мамырдың екінші онкүндігінде өтеді.


Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары