Кеден қоймаларындағы қымбат көліктер мен ұшақтар сатылмай тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы кеден қоймаларында бірқатар автокөлік пен ұшу аппараты «тұрып қалған», деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұсталған тауарларды өткізуге жауапты әрі активтерді оңалту бойынша компаниялар тауарлардың құнын айқындай алмай жатады. Осыған байланысты кейбір тауарлар кеден қоймаларында әлі жатыр», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова ведомстводан өткен жиында.

Департамент басшысы нақты мысалдарды келтірді.

«Мәселен, Қарағанды облысындағы қоймада 2014 жылдың ақпан айынан бері словениялық өндірістегі үш бірдей ұшатын аппарат тұр. Аталған тауардың бес жыл бойы тұрып қалуына бағасының айқындалмауы себеп болған. Себебі, нарықта оған ұқсас тауар жоқтың қасы», - деді ол.

Сол секілді басқа кеден қоймаларында бағасын білмеудің салдарынан Mercedes Daimler, BMW 740, Toyota Tundra және Nissan Titan автокөліктері тұрған көрінеді.

«Ұсталған тауарларды пайдалану немесе жоюға келетін болсақ, ол үшін мемлекеттік кірістер органдардарында арнайы комиссия болуы тиіс. Ол комиссия ұсталған тауарларды пайдалану немесе жою мәселесін қарастыруы керек. Мұндай комиссиялар облыстардың көбінде құрылған да жоқ. Ал комиссия бар облыстарда типтік ережелері жоқ, жою тәртіптері ретке келтірілмеген», - деді Анар Жарова.

Сонымен қатар, департамент басшысы кейбір тауарларды жою бағытында теория мен практика бір-біріне сәйкесе бермейтінін де жеткізді.

«Іс жүзінде жойылсын деп шешілген тауарлар жойылмайды. Себебі, кеден органдары бұл мақсатта ақша қарастырмайды. Осылайша, ұсталған тауарлардың реті бойынша бекітілген заңды механизмді органдардың өзі ұстанбайды. Кеден қоймаларында тауарлардың ұзақ уақыт бойы жата беруі де содан», - деп түйді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова еліміздің кеден саласындағы негізгі жемқорлық тәуекелдерін атаған болатын. Оның айтуынша, тауарларды уақытша сақтау қоймаларында сақталған тауарларды жою бағытында кеден органдары қызметкерлерінің уақтылы жұмыс жүргізбеуі өзекті мәселеге айналған. Оның айтуынша, кейбір қоймаларда 10 жылдан бері жатқан тауарлар бар.

Соңғы жаңалықтар