ҚДМБ биылғы құрбан шалу рәсімін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы құрбан шалу рәсімін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат muftyat.kz сілтеме жасап.

Құрбан айт шілде айының 20-22-сі күндеріне тура келеді.

Діни басқарманың мәлімдеуінше, 2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады:

1) мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханада санитария ережемін қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру.

2) бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжіребесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру.

«Жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.

Екіншіден, карантин жағдайында қалада тұрып жатқан азаматтар үшін қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім», делінген хабарламада.

ҚДМБ ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ешқандай шектеу жоқ екенін жеткізді.

«Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет). Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі), 30 ірі қара, 5 түйе немесе қажеттілігінен артық 85 гр алтын (1 230 000 теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес», делінген хабарламада.

Мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін qurban2021.kz сайты арқылы биыл 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтінішін қабылдау, сараптау және құрбандық етін жеткізіп берумен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.

Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі екенін ескеру қажет

«Сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Бұл жыл сайын игі дәстүрге айналған. Жобаның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату», делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар