КБК бұрынғы төрағасы С.Баймағанбетов шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сотталған Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетов шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлады Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметінен.

«2015 жылдың 4 ақпанында Қазыбек би аудандық соты С.Баймағанбетовқа қатысты қаулы шығарды. Ол жазасын өтемеген 1 жыл, 11 ай және 29 күннен бұрын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Сот заң талаптарына сәйкес, белгілі міндеттерді жүктеген: босатылу күнінен бастап, 5 жұмыс күнінің ішінде ішкі істер органдарында тіркеуден өту, тәртібі бойынша есеп беру үшін ай сайын пробация қызметіне келу, өкілетті мемлекеттік органға ескертусіз тұрғылықты мекен жайын ауыстырмау және т.б», - деді аудандық соттың баспасөз хатшысы Әлия Жошева.

Қаулыда ҚР Президентінің 2014 жылғы 9 қыркүйектегі Жарлығымен С.Баймағанбетовке рақымшылық жасалып, қылмыстық жазаның мерзімі 5 жылға дейін қысқартылғаны көрсетілді.

«Ол (Баймағанбетов) жазасының 3 жылға жуық мерзімін, яғни мерзімінің жартысынан көбін өтеді, тәртіп бұзған жоқ», - деп түсіндірді Ә.Жошева.

Сотталушы 2015 жылғы 26 қаңтарда жазаны жеңілдетуді сұрап, өтініш жазған. Атап айтқанда, С.Баймағанбетов өтелмеген мерзімді бас бостандығынан айырудың әр 4 күні үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) есебіндегі айыппұлға ауыстыруды сұрады. Қалған 2 жылға жуық уақытты есептегенде, айыппұл 360 мың теңгеден асады.

С.Баймағанбетов бостандыққа 20 ақпан күні шықты.

Соңғы жаңалықтар