Қазығұрттың тасқын судан зардап шеккен әр тұрғынына 100 мың теңгеден беріледі
«Қызыл жарты ай» қоғамы 104,6 млн. теңге бөліп, су кірген үйлердегі 1046 адамның әр біріне (173 отбасы бар) 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмек береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шығындарды өтеу үшін облыстық бюджеттен де қолдау көрсетіледі. Комиссия тарапынан мал басы нақтыланып, ғимараттар мен үйлер, қосымша құрылыс құны есептеліп жатыр. Өкінішке қарай, кей нысандардың құжаты жоқ. Дегенмен, олар да зерделеуден өтуде. Жаңа туған төрт түлікке де өтемақы беру жағы қарастырылмақ.
Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданына барып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады.
Айта кетейік, бір апта бұрын Түркістан облысының Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында жауын-шашын мөлшерден артық жауса, Кентау қаласында қатты жел соғып, табиғи апат болды. Соның салдарынан 50 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді . Алдын ала есеппен, 53 үйдің ауласына, 19 үйге, 1 мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кіргені анықталды. Сонымен қатар 370 бас мал шығыны тіркелді.