Қазығұрттың тасқын судан зардап шеккен әр тұрғынына 100 мың теңгеден беріледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат-Қазығұрт ауданындағы нөсер салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіле бастады.

«Қызыл жарты ай» қоғамы 104,6 млн. теңге бөліп, су кірген үйлердегі 1046 адамның әр біріне (173 отбасы бар) 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмек береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығындарды өтеу үшін облыстық бюджеттен де қолдау көрсетіледі. Комиссия тарапынан мал басы нақтыланып, ғимараттар мен үйлер, қосымша құрылыс құны есептеліп жатыр. Өкінішке қарай, кей нысандардың құжаты жоқ. Дегенмен, олар да зерделеуден өтуде. Жаңа туған төрт түлікке де өтемақы беру жағы қарастырылмақ.

Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданына барып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, облыстық комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ешбір тұрғын көмексіз қалмайды. Үй жануарларының шығынына ережеге сәйкес өтемақы төленіп, тұрғын үйлер қалпына келтіріледі. Шаруашылық ғимараттарды жөндеуге көмек көрсетіледі. Бұның бәрі қатаң бақылауда тұр. Өздеріңіз білетіндей, су тасқыны болған ауылдарда төтенше жағдай департаменті, жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері, еріктілер жұмыс істеп жатыр. Әр нысан толық қалпына келтіріледі», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Айта кетейік, бір апта бұрын Түркістан облысының Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында жауын-шашын мөлшерден артық жауса, Кентау қаласында қатты жел соғып, табиғи апат болды. Соның салдарынан 50 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді . Алдын ала есеппен, 53 үйдің ауласына, 19 үйге, 1 мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кіргені анықталды. Сонымен қатар 370 бас мал шығыны тіркелді.


Соңғы жаңалықтар