Қазығұрттық қариялар Өзбекстанға сапарлап қайтты

None
None
ҚАЗЫҒҰРТ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Халықаралық қарттар күні қарсаңында қарияларға ерекше тарту жасалды. Бір топ зейнеткерлер Өзбекстанға сапарлап, тарихи нысандарды тамашалап қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазығұрт аудан әкімшілігі ұйымдастырған саяхатқа ауданнан 45- ке жуық ел ағалары мен ақ жаулықты аналар барды. Олар Өзбекстан республикасының Самарқан шаһарына сапарлап, шығыстың жауһары атанған әрі ең көрікті орындардың бірі Регистан қалашығында болды.

Айта кетейік, Самарқан - тұла бойы тарих пен тағылымға тұнған қала. Бұл шаһар Памир-Алтай тауларының баурайындағы Өзбекстанның оңтүстік-шығысындағы Зарафшан өзенінің жанында орналасқан. Саяхатшылар алдымен тұрғындарының саны мен көлемі жөнінен Өзбекстандағы екінші үлкен қала саналатын Самарқандтағы Ұлықбек, Шері-Дар, Тіллә Қари медреселерін аралап көрді. Бұл медресенің үшеуі де әр түрлі мезгілде тұрғызылып, өскелең ұрпаққа ата-баба мұрасы ретінде жеткізілген сәулетті ғимараттар саналады.

Сонымен қатар көрші елдегі өзге де тарихи орындарды тамашалап, ежелгі шығыс базарына барып қайтты.

Өз кезегінде зейнет жасына шығып, ел мен жер көріп қайтқан қариялар Қазығұрт ауданының әкімдігіне және осы сапарға демеушілік жасаған азаматтарға алғысын жаудырды.
Соңғы жаңалықтар