Қазығұртта із-түзсіз жоғалып кеткен тұрғын бір ауылда алаңсыз мал бағып жүрген
2022 жылғы 22 қаңтар 13:03

Қазығұртта із-түзсіз жоғалып кеткен тұрғын бір ауылда алаңсыз мал бағып жүрген

ҚАЗЫҒҰРТ. ҚазАқпарат - Түркістан облысында отбасымен хабарсыз кеткен ер адам табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазығұрт ауданының полицейлері 10 күн бойы хабарсыз кеткен азаматты тәулік ішінде тапты.

Нақтырақ айтсақ, Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын күйеуі үйінен жұмыс істеймін деп шығып кетіп, содан із-түзсіз жоғалғанын хабарлаған.

Аталған жайтты тәртіп сақшылары бірден тіркеуге алды. Азаматты табу үшін учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер жұмылдырылды.

Жедел шаралардың арқасында қатардағы полицейлер Бақдәулет Бейсенбай мен Есенғали Төлеген екеуі жоғалған жанның жүрген жерін анықтады.

Яғни оны ауылдардың бірінде мал бағып жүрген жерінен тауып, аман-есен отбасымен қауыштырды.

Өз кезегінде әйелі күйеуінің дін-аман табылғанына қуанып, полицейлерге ерекше алғыстарын жеткізді. Полицейлердің қырағылығына шынайы ризашылығын білдірді.

«Жалпы, жақыныңды жоғалтқаннан ауыр ештеңе жоқ. Сондықтан, бір-бірімізден алыстамай, қамқор болып, барлық жағдайда түсіністікпен қарап үйренейік. Кішкентайларымызды бақылаусыз қалдырмайық» деп ескертеді полиция.


Jańalyqtar

MURAǴAT