Қазығұртта «Анаға тағзым» және «Боздақтар» ескерткіші ашылды

None
None
ҚАЗЫҒҰРТ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Қазығұрт ауданында «Анаға тағзым» және «Боздақтар» ескерткіші бой көтерді. Қарабастау ауылында өткен салтанатты шараға аудан әкімі Төлеген Телғараев қатысып, адалдықтың символындай болған ескерткіштерді елдің бүгінгі ұрпақтары үлгі тұтуы керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдағы, отбасындағы ана мәртебесін көтеру мақсатында бой көтерген «Анаға тағзым» ескерткішінің биіктігі 11 метр болса, майданда қаза болған боздақтарды еске алу үлгісі ретінде салынған екінші ескерткіштің биіктігі - 4,5 метр. «АРТ-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізген бұл қос тас мүсінге жалпы 50 миллион теңге қаражат жұмсалған.

Боздақтар рухына арналған ескерткіштің ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары ел тыныштығы, ұрпақ амандығы, бейбіт өмір үшін кеудесін оққа тосқан бабалар рухына мәңгілік тағзым етті. Өскелең ұрпақ бойына патриоттық тәрбиенің қалыптасуына сеп болатын нысанға аудан зиялылары гүл шоқтарын қойып, ата-баба рухына тағзым жасады.

«Бұл ескерткіштер Елбасы екшеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде қолға алынып отыр. Кемелденген елдің туған тарихы мен ата-баба дәстүрін білу, анаға құрмет – жөргекте жатқан жерінен басталуы тиіс. Игі іске ұйытқы болған кәсіпкердің ісі көпке үлгі», -деді салтанатты шараға қатысқан ҚР Құрметті заңгері Әбдіқадір Кәрім.

Шара соңында ескерткішті орнатуға атсалысқан азаматқа құрмет көрсетілді. Баба рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды. Ауыл азаматтары демеушілік жасаған кәсіпкерге шапан жауып, ат мінгізді.

Соңғы жаңалықтар