Қазығұртта 2 әйел жергілікті тұрғынды тапа-тал түсте тонаған

None
None
ҚАЗЫҒҰРТ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Қазығұрт ауданында бейтаныс 2 әйел жергілікті тұрғынның басын айналдырып, алтындары мен ақшасын алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, белгісіз екі әйел жергілікті тұрғындардың бірінің үйіне келіп, «үйіңде дуа бар, соны тазалап береміз» деген желеумен оның басын айналдырып, мойнындағы алтын алқасы мен саусағындағы алтын сақинасын, 100 мың теңгеден астам ақшасын алып кеткен.

Олар кеткен бойда есін жинаған әйел, бірден полицияға хабарласқан. Полицейлер жәбірленушінің айтқан белгілері бойынша жедел іздестіру шараларын қолға алып, күдіктілер мініп кеткен көлікті қуып, тоқтатқан. «Лада Приора» көлігінің ішінде бес әйел болған. Олардың барлығы полицейді көрген бойда далаға қарай қаша жөнелген. Бірақ тәртіп сақшылары барлығын түгел ұстады.

«Жергілікті тұрғынды алдаған екі әйелден алтындар мен ақша айғақты зат ретінде алынды. Ұсталған бес әйелден де жауап алынды. Оларды тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының тұрғындары екендігі анықталды. Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер олардың Түркістан облысындағы басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр»,- делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар