Қазығұртта 100 жастан асқан төрт соғыс ардагері тұрады

Фото: None
ҚАЗЫҒҰРТ. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы соғыс ардагерлерінің басым бөлігі - осы Қазығұрт ауданының тумасы. Бұл аймақта 100 жастан асқан 4 майдангер тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылындағы 100 жастағы ҰОС ардагері Исабай Жүзеев 1922 жылы дүниеге келген. Жігіттік шағы екінші дүние жүзілік соғыспен қатар келген қария көптеген орден-медальдардың иегері.

Жеңісті Берлинде қарсы алған қария «бүгінгі бейбіт өмір мәңгілік болсын» деп тілейді.

100 жасқа келген ҰОС ардагерінің бірі Иса Телікбаев. Ардагер небәрі 20 жасында Ленинград майданына қатысқан. ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

«Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалдарының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған. 6 ұл-қыздан 17 немере, 16 шөбере сүйіп отыр.

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданындағы соғыс ардагерлерінің үйіне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады.

Ардақты ақсақалдарға құрмет көрсетті.

«Жас ұрпақ, тарих сіздердің ерліктеріңізді ұмытпайды. Адамзат тарихындағы ең күрделі әрі зұлмат соғыста біздің батыр аталарымыз ерлік көрсетіп, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Солардың қатарында Түркістан облысының да ардагерлері бар. Ардагерлерімізге тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Өйткені олар – көзі тірі қаһармандар», – деген Өмірзақ Шөкеев ақсақалмен тілдесіп, сыйлық табыс етті.

Батыр аталар ел азаматтарына ақ баталарын беріп, Тәуелсіздік мәңгі болсын деген тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 5301 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрады.

Оның ішінде 22 соғыс ардагері мен соғыс мүгедегі ұрпаққа өнеге беріп жүр. Биыл оларға 1 млн теңгеден қаржылай көмек берілді.

Облыста Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер саны 154 болса, 5 мыңнан астам тыл еңбеккері бар.



Соңғы жаңалықтар