Қазығұрт ауданындағы жолдар жөндеуден өтуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында 52 шақырым жол жөндеуден өтуде. Жыл соңына дейін 30 шақырымнан астам көлік жолдарының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде аудан аумағынан өтетін облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 250 шақырымнан асады. Автомобиль жолдарының жалпы жағдайы жайлы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ауданға жасаған жұмыс сапары барысында баяндалды. Өңір басшысы Шарапхана-Жаңабазар автожолының күрделі жөндеу құрылысымен танысты. Жолдың ұзындығы 16 шақырымды құрайды.

Сондай-ақ ол аймақта салынып жатқан жаңа нысандарды аралады. Жаңабазар ауыл округі, Үшбастау елді мекеніндегі 200 орындық «К.Әзербаев» атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды. Білім ұясы биылғы оқу жылына қарсы ашылмақ. Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан 50-ге жуық орта мектептің төртеуі Қазығұрт ауданында бой көтерген.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы өз үйінің жанынан мал бордақылау алаңын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкердің жұмысымен танысты. Небәрі 10 мал басымен тірлік бастаған Жаңабазар ауылының тұрғыны қысқа уақыт ішінде оны 200-ден асырған.

Қазығұрт ауданындағы жалпы аналық мал басының саны 54 мыңға жеткізілген. Тұқымдық түрлендіру үлесі биыл 170 %-ды құрап отыр.


Соңғы жаңалықтар