Қазыбек Иса: Президентті бір мерзімге сайлау – демократияға қарай батыл қадам

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламенттің бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Президентті бір мерзімге сайлау Қазақстанның 30 жылдық тарихында болған кейбір қателіктердің алдын алатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз еліміздің болашағын айқындайтын аса маңызды, тарихи шешім қабылдауға жиналып отырмыз. Бұл жаңа саяси жүйе арқылы мемлекет пен қоғамдағы барлық жаңаруға жол ашылатыны анық.

Президенттің жалпы өкілеттіктері екі мерзімнен бір мерзімге қысқарады. Бұл жаңа нормаларды биылғы президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша биыл президент болып сайланатын адамға жаңа нормалар бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заң туындайды», - деген депутат ол сөзіне АҚШ тарихынан мысал келтірді.

«Демократияның атасы дейтін Америка Құрама Штаттарында 1947 жылы АҚШ Конституциясына енгізілген 22-ші толықтыруда: «Бір адам екі мерзімнен тыс президент бола алмайды» деген талап енгізеді де, «бұл талаптың енгізілген кездегі президент болып тұрған тұлғаға қатысы жоқ» деп жазып қояды.

Осы халықаралық дәстүрге сай, егер бұл конституциялық өзгерістер президент сайлауынан кейін болатын болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 2022 жылы 5 жылға сайланса, онда жаңа сайлау заңына байланысты тағы да 7 жылдық президент сайлауына қатысу құқы болады. Ондай, үшінші рет сайлауға түсіп, өткен жағдайда, Қасым-Жомарт Кемелұлының алдағы 7 жылдық мерзімі 12 жылға созылып, 2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталар еді. Ал бұған халықаралық заңдылық бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы 5 жыл айырмашылық, артық мерзімді Тоқаев азаматтық ерік-жігермен өз қолымен кесіп, бірреттік президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашып отыр», - деді Қазыбек Иса.

Мәжіліс депутаты Мемлекет басшысының аталмыш шешімін «демократиялық алға басудың айқын қадамы» деп бағалады. Ал президент өкілеттігі бар адам қайтадан сайлауға түссе, қолдағы билігін пайдаланып, дауыс беру процесін бұрмалау қаупі бар екенін еске салып, тарихтан дәлел келтірді.

«Біріншіден, президенттікке бір рет қана сайлану – екінші кезеңге үміт арту жойылғандықтан, президент бар қайрат-қуатын, білік-білімі мен іскерлігін өмірінде бір рет қана берілген мүмкіндігінде барынша жұмсап қалады. Келесі президенттікке түсуді ойлап, түрлі саяси айла-амалдарға бармайды.

Екіншіден, әр президенттің екінші мерзімге сайланбайтыны, ең алдымен, келесі болатын жаңа президент үшін жарқын жол ашу, демократиялық зор қадам. Өйткені, сайлау екі мерзім болған жағдайда, әр президенттің жаңа президенттікке үміткерден гөрі қайта сайлануға мүмкіндігі көп болатыны белгілі. Сондықтан Президент Тоқаевтың бір мерзімді президенттікті енгізіп, келесі президентке айқын жол ашуы тек қолдауға лайық, көптеген елдер арасындағы алғашқы либералдық қадам.

Шындығын айтайық, осы біз президенттікке ешқандай мерзімсіз қайта-қайта көп сайланудан аузымыз күйген ел емеспіз бе? Отыз жылда еліміз екінші президентке зорға жетіп отырған жоқ па? Өзіміз екінші президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, құдайға шүкір екінші президентті де көрдік... Осы жаңа норманы дәл қазір енгізсек, 30 жыл емес, 7 жылдан кейін келесі президентті көретін боламыз. Енді президент Тоқаевтың өзі екі мерзім сайлануға мүмкіндік қолында тұрса да, бір рет қана сайлануды өзгермейтіндей етіп, Ата заңға жазып қоюды ұсынып жатқанда, қолдаудың орнына, «неге президент бір рет қана сайлануы керек», - деп, қисық тартып жатқандарға не деуге болады», - деді депутат.

Оның пайымынша, жеті жыл уақыт - қандай жетістікке жетуге де жеткілікті мерзім.

«Кешеге дейін, «Мәжіліс сайлауы мен Президент сайлауы қашан болады?» деп шулап едік. Президент қоғамның талабын екі есе орындап, екі сайлауды да жариялады. Ал енді «Президент сайлауы неге болады?» деп шыққандар да бар. Саясаткерлік деген – қай кезде де қандай сайлауға да дайын тұру. «Біз оянамыз дегенше, керуен кетіп қапты» деген байбалам салу ешқандай саясаткерлікке жүрмейді. Сол секілді «Астананың бұрынғы атын неге өзгертпейсіңдер» дегендер көп еді. Енді «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» лайық депутаттар ел аралағанда ең көп айтылған халық талабын орындап жатса, енді неге «Астана атын ауыстырасыңдар?» дегендер де шығып жатыр. Бұлардың бәрі қоғамды тұрақсыздыққа итермелеп жатқан теріс пиғылдылардың әрекеті деуге болады.

Сондықтан да ұлттық мүддені қорғауға арналған Президент Жолдауындағы Конституциялық саяси реформаларды қолдап, ақ жол тілейміз.

Қадірлі халайық! Елімізге сын сағаты туғанда, атам қазақ қашаннан бір тудың астына жиналған. Сондықтан, «Ынтымақ –ырысқа бастайды» дегендей, бағасы жоқ Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, бәріміз жан-жаққа тартпай, осы Конституциялық реформаларды қолдап, Ұлттық бірлесуге қадам жасайық. Жер тұтастығын сақтау үшін, ең алдымен ел тұтастығы керек», - деп түйіндеді Қазыбек Иса.


Видеодан алынған кадр





Соңғы жаңалықтар