ҚазҰУ наноспутнигі ғарышқа сәтті жіберілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Илон Масктың «SpaceX» компаниясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жасалған қазақстандық «Аl-Farabi-2» наноспутнигін іске қосты, деп хабарлайды аталған ЖОО баспасөз қызметі.

Наноспутник 4 желтоқсанда Астана уақыты бойынша 00:32-де Калифорния (АҚШ) штаты ғарыш алаңындағы Ванденберг әскери-әуе базасында «Falcon 9» зымыран тасымалдаушысымен ұшырылды. Наноспутник штаттық кестеде жұмыс істейді.

«Аl-Farabi-2» наноспутнигі үздік инновациялық технологияларды, қазақстандық патентпен қорғалған аппараттың негізгі компоненттерін және тораптарын өзіне біріктіреді. Ол ғылыми түпнұсқаларды, технологиялық және білім беру тапсырмаларын шешуге арналған, сонымен бірге ҚазҰУ ғалымдары жасаған шағын ғарыштық аппаратқа арналған бортты компьютердің электронды компоненттерін тәжірибеден өткізуге мүмкіндік береді. Ғылыми-зерттеу жұмыстардың және эксперименттердің нәтижелері Қазақстан әуе-ғарыш саласына және университеттің шетелдік серіктестеріне құнды және өзекті болмақ. 

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында қазақстандық наноспутниктің ашық ғарышта іске қосылуы - қазақстандық ғылым мен спутник құрастыру тарихында тағы бір маңызды кезенді айғақтайды. ҚазҰУ наноспутнигі осымен екінші рет ғарышқа енгізілді. Бірінші «Аl-Farabi-1» ғарышқа 2017 жылдың 15 ақпанында Үндістандағы Сатиш Дхаван атындағы ғарыш алаңынан жіберілген болатын. Ол түрік әлемінің көрнекті оқымыстысы, біздің университетке есімі берілген әл-Фарабидің құрметіне аталған болатын», - деп атады жоба жетекшісі академик Ғалым Мұтанов.

Ғарыштық технологиялар саласында ұлттық ғылыми мектеп құру, жобалау, құрастыру және наноспутниктерді ұшыру бойынша кең көлемді жоба, осы салада жоғары білікті мамандарды даярлау ҚазҰУ-да халықаралық «UNIFORM» консорциумы аясында 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанды «цифрлы дәуірге» енгізу бойынша «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған Елбасы тапсырмаларын орындауда мақсатты түрде жұмыстар жүргізуде. Ғылымды қажет ететін жаңа технологияларды және техникалық, соның ішінде ғарыштық салада құралдарды құру университет қызметіндегі басым бағыттар болып табылады.

Соңғы жаңалықтар