ҚазҰУ мақсаты - әлемнің жетекші оқу орны атану

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің жетекші ЖОО-ларының қатарына енуді көздеп отыр. «Мұндай университеттер өз елінің, сондай-ақ бүкіл аймақтардың дамуын айқындап, жетекші экономикалардың негізгі салалары мен  бағыттарын мамандармен қамтамасыз етеді» деп атап өтті университет ректоры Ғалым Мұтанов халық алдындағы есептік кездесуде.

Ректор университет қызметінің бағыттары, қол жеткізген жетістіктері және мыңдаған ғалымдар ұжымы, оқытушылар мен студенттердің алдында тұрған стратегиялық міндетттер туралы егжей-тегжейлі баяндады. ҚазҰУ-ның әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытымен мақсатты түрде келе жатқаны аталып өтті. Биыл университет QS халықаралық рейтингінде тағы да алға жылжып, әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары арасында 220-орынға ие болды. Бұл топқа ТМД елдерінен  ҚазҰУ мен Ломоносов атындағы ММУ ғана кіріп отыр.

«ҚазҰУ өзінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін көтеру және әлемнің 200 үздік топ университеті құрамына ену жөніндегі ел Президентінің тапсырмасын орындау жолында белсенді жұмыстар атқаруда. Университет оқу бағдарламаларының 90%-ы халықаралық агенттіктердің аккредитациясынан сәтті өтті. Бірнеше оқу бағдарламасы «EUR-ACE® Label» еуропалық сапа белгісін иеленген. ҚазҰУ - қос диплом бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен 70-тен аса бағдарламаны жүзеге асырып отырған жалғыз университет», - деді ҚазҰУ басшысы баяндамада.

Экономиканы жаңғырту және өндіріске мамандарды даярлауға бағытталған 4.0 мемлекеттік даму бағдарламасы аясында осы оқу жылында ҚазҰУ-да қағида тұрғысында «Е-коммерция», «Цифрлық лингвистика», «BIG DATA», «Жасанды интеллект», «Геоинформатика», «Интернет бұйым», «Биоинформатика» және т.б. жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Сондай-ақ, АХҚО және Бенхалиф Университетімен (Катар) бірлесе ислам қаржысы және банкинг бойынша бағдарламалар енгізілуде. Ағылшын тілінде 162 мамандық оқытылады.

Университет алдыңғы қатарлы тәжірибелер орталығына, инновация мен нақты өндірістің, ғылым мен білімнің ортақ трансфертіне айналуда. Жоғары технологиялық ірі корпорациялар университеттің зерттеу және білім беру жұмыстарына белсене араласады. ҚазҰУ-да «Hewlett-Packard», «Cisco», «Koniсa Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Alcatel», «Microsoft», «Касперский зертханасы», «Huawei», «SAP» және т.б. әлемдік компаниялардың 16 ғылыми-білім беру орталығы құрылған әрі бүгінде табысты жұмыс атқарып жатыр.

Халықпен есепті кездесу барысында Ғалым Мұтанов Алматы қаласының тұрғындары мен БАҚ өкілдерінің, оқытушылар, студенттер және олардың ата-аналарының сұрақтарына жауап берді. Олардың  тілек-ұсыныстары ескеріліп, тиісті қызметтерге нұсқау берілді.  

Соңғы жаңалықтар