ҚазҰУ-да дінтану кафедрасының 20 жылдығы аталып өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Дінтану» мамандығы оқытыла бастағанына биыл 20 жыл толып отыр. Оқу орнында осы маңызды датаға орай «Қазіргі дінтану ғылымының ахуалы мен болашағы» ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кафедраны мерейтойымен құттықтауға Тәжістан Республикасының консулы, сондай-ақ Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері келді.

Жиын аясында Қазақстанда тұңғыш рет «Діндер тарихы музейі» ашылды.

Кафедра меңгерушісі Айнұр Құрманалиева білімде озат және ЖОО-ның қоғамдық өмірінде белсенді студенттерді марапаттады.

Оның айтуынша, кәсіби деңгейдегі мамандарды дайындау ісі 1999 жылдан бастау алғанмен, дінтанудың дәріс ретінде қолға алына бастау тарихы әрірек жатыр.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дінтану пән ретінде 1992 жылы профессор Үсенова Мәдина Мағазовнаның басшылығымен құрылған Дінтану кафедрасында беріле бастады. Сол жылдары университетте даярланатын барлық мамандықтарға «Дінтану» жалпыға міндетті пән ретінде оқытыла бастады. Тіпті университетті бітіргелі отырған 4-5-курстардың оқу бағдарламаларына дінтану пәні кіргізілді. Барлық мамандық орыс және қазақ тіліндегі Мәдина Үсенованың осы саладағы ең алғашқы «Дінтану» оқулығымен оқытылды.

Кафедра дінтану мәселелерін терең зерттеу мақсатында еліміздегі діни бірлестіктер мен шетелдік әріптестермен қарым-қатынастар орната бастады. Алғашқы рет еліміздегі діни жағдайларға дінтанулық талдау жасалған мақалалар жарық көре бастады және тіркелген діни бірлестіктерді зерттеу де жоспарға қойылды. 1995 жылдың қазан айында Дінтану кафедрасы жабылып, барлық оқытушылар философия және ғылым методологиясы кафедрасының құрамында қызметтерін жалғастырды.

Философия және ғылым методологиясы кафедрасы біртіндеп «Дінтану» мамандығын ашуды қолға алды. 1999 жылы мамандықтың паспорты, лицензиясы алынды, мемлекеттік стандарты бекітілді, мамандық бойынша пәндердің типтік бағдарламалары элективті курстардың каталогы жасалды. 2001 жылы магистратура, 2011 жылы докторантура деңгейінде студенттер қабылдана бастады.

Дінтанудың жаңа серпінмен дамуы философия ғылымдарының докторы, профессор Байтенова Нағима Жаулыбайқызының басшылық уақытымен тікелей байланысты болды. Кафедра ұжымы екі деңгейдегі мамандарды оқулықпен қамтамасыз етуді іске асырды. Қазақ топтарына арнап діндер тарихынан бастап Қазақстандағы жаңа діни ағымдардың ілімі мен қызметіне арналған оқу-әдістемелік құралдар жасалды. Бірқатар оқулықтар мен зерттеулер орыс тілінен аударылды. Базалық пәндер бойынша тест тапсырмалары құрастырылды. Студенттердің педагогикалық және өндірістік практикаларының базаларымен келісімшарттар жасалды. Кафедра ұжымы дінтану мәселелеріне байланысты белсенді түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Республикамызда жарық көрген белгілі мемлекеттік бағдарламалар, монографиялар, диссертациялар, оқу құралдары талқыланып, экспертизадан өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тапқан «Ұлттық қауіпсіздік аясындағы діни айқындалу мәселелері», «Қазақстандағы діндер ұлттық идея контексінде», «Жаңа діни ағымдар және қазіргі Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтау мәселелері» т.б. ғылыми-зертеу жобалары орындалды. Шетел ғалымдарымен, институттарымен және университеттерімен ғылыми және іс-тәжірибелік ынтымақтастық орнатыла бастады.

Соңғы жаңалықтар