ҚазҰУ цифрлық дәуір сынына жауап беруге дайын - Ғалым Мұтанов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Университет ұжымы цифрлық экономика жағдайындағы адами капиталдың қалыптасуына бағытталған шешуші қадамдарды бағдарлады. 

Университет қоғамдастығы мүшелері Елбасы Жолдауын Қазақстанның одан әрі жаңғыруы бойынша жүйелі шараларды айқындап берген бірегей бағдарлама ретінде үлкен құлшыныспен және ықыласпен қабыл алды.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың айтуынша, университеттер адами капиталдың қалыптасуындағы маңызды субъектілер ретінде оның жаңа сапасын қамтамасыз етуі керек және қазақстандық қоғам жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуы тиіс.

Осы бағытта оқу орны «Al-Farabi University smart city» жобасы аясында жаңа ұрпақ университетінің үлгісін жүзеге асыруда.

«Төртінші өнеркәсіптік революция - әлемде қалыптасқан тренд. Осы уақытқа дейн қолданып келген қондырғы, станоктар өзгеріп жаңа деңгейге шығып жатыр. Уақыт талабынан шыға білу маңызды. Қазақ Ұлттық университеті алдыңғы қатарлы ұлттық университет ретінде бірқатар жоба жүзеге асырып жатыр. Бұл екі жоба да халықаралық деңгейде жоғары бағасын алды. Елбасының қолдауымен жоғары деңгейдегі, құны 10 млн доллар болатын суперкомпьютер алып отырмыз. Бұл техника биыл алғашқы жартыжылдықта келеді. Қытай республикасының гранты негізінде. Осының негізінде ІТ технопаркі жасалады. Жаңа орталық бүкіл республика бойынша  күрделі үлкен деректер бойынша жасанды интелллект жобасы ретінде жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдіміз. Біз өз тарапымыздан үлкен орын дайындап жатырмыз», - деді ол.

ІТ-технопаркінде ғылыми зертханалар жұмысы, дизайн зертханалары,  3Dпринтинг, инновациялық шеберханалар, коворкинг-орталық пен «IGeneration» бизнес-инкубатор шоғырланған бірыңғай кластер орналасатын болады. Бұл өндірістік индустрияның университеттермен жоғары өндірістік ақпараттық-коммуникациялық технологияларды құрастыруға, Силикон аймақ сынды жоғары технологиялар аймағын құруға мүмкіндік береді.

Ректордың айтуынша, биыл екінші семестрден бастап жеке ІТ факультеті құрылды.

Жаңа факультетте Суперкомпьютерлік технология базасында  мәліметтерді өндеу орталығы, Big DATA салааралық зертханасы және Блокчейн зертханасы қарастырылған. Қазақстанның дәстүрлі базалық өнеркәсіп индустриясына ірі ІТ-компанияларды және шетелдік ЖОО-лар - серіктестерді білім беру үдерісіне тарта отырып, «мол мәліметтермен» алмасып ІТ-мамандарды дайындау өндірістік үрдістерді автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект элементтерін қолдану салалары бойынша жүзеге асырылады. Жолдауды жүзеге асырудағы университеттің жол картасы аясында 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, денсаулық сақтау және білім берудегі цифрлы қызмет - келешегі зор өнеркәсіптерді дамытуға кадрларды дайындауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу қарастырылған. Бұл цифрлық дәуір жағдайында елдің жаңа индустриализациялану қажеттілігіне білім беру жүйесін бейімдеуге қосқан ҚазҰУ-дың нақты үлесі болмақ. 

ҚазҰУ алғаш рет ТМД көлемінде «Цифрлық Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында цифрлық университет үлгісін жасады және ЖОО қызметін автоматтандыруда бұлттық технологияларды, кампус инфрақұрылымын басқаруда Smart технологияларды әрі талдамалы жүйе қалыптастыру үшінBig Data технологияларын енгізді.

Бағдарламалық жасақтаманың ірі өндірушісі - «Microsoft» компаниясының жоғары білім берудің IT тұғырнамасы дамуының инновациялық векторын қалыптастыруда әріптес ретінде ҚазҰУ-ды таңдаған.  

ҚазҰУ Қазақстанда тұңғыш рет  жаппай ашық онлайн курстарын бастады. Бұл өз кезегінде Ашық білім берудің ұлттық тұғырнамасын іске қосуға мүмкіндік берді. Аталған тұғырнама қазақстандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. 

«E-кампус» жобасы базасында университеттің технологиялық тұғырнамасының қалыптасуына «Hewlett-Packard», «Cisco», «Koniсa Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Alcatel», «Касперский зертханасы», Microsoft, Intel, Huawei сынды ғылыми-білім беру орталықтары  тың қарқын берді. ҚХР Ғылым академиясының Қашықтықтан зондтау және цифрлық Жер институтымен (RADI) бірге Жерді зондтаудың цифрландыру орталығы құрылған. Гонконг политехникалық университетімен бірлесе Технолофт Индустрия 4.0 - ғылыми-білім беру зертханасын құру бойынша жұмыс басталды.

Президент атап өткендей, цифрлық дәуір жағдайында елдің жаңа индустриялануында басты маңыздылық - кадрлық қамтамасыз ету болмақ.  Осыған орай ҚазҰУ-да ағымдағы оқу жылының екінші семестрінен бастап-ақ ақпараттық технологиялар факультеті құрыла бастайды.

Соңғы жаңалықтар