ҚазҰУ әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарына кірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ Ұлттық Университеті әлемнің ең үздік 800 университетінің арасында 220 орынға ие болды және QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінде 16 орынға тұрақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш білім ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, қазақстандық жоғары оқу орындары осыншалықты жоғары деңгейдегі жетістікке тұңғыш рет қол жеткізіп отыр.

Үздіктер тобына посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кірген. Олар ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ).

Елбасы Қазақстанның жоғары оқу орындарының алдына әлемдегі ең үздік 200 ЖОО қатарына кіру міндетін қойып отыр. ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойындалған еліміздің жетекші университеті ретінде осы маңызды мемлекеттік тапсырманы іске асыруда жүйелі жұмыс атқаруда. Соңғы бес жылда университет «QS WUR» рейтингісінде 400-ден астам позицияға көтерілді. Әлемдік тәжірибеде бірде-бір университет осындай өсу динамикасына қол жеткізбеген.

QS - әлемдегі барша мемлекеттер таныған беделді және көптеген жылдар бойы әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының жаһандық рейтингін жүргізіп келе жатқан ықпалды халықаралық агенттіктердің бірі.

ҚазҰУ-дың осы рейтингіде табысты ілгерілеуінің маңызды факторы кең ауқымды құрылымдық модернизация, нәтижеге бағытталған басқарудың жоғары тиімділігі, сондай-ақ соңғы бес жыл ішінде 40 пайызға өскен бірегей инфрақұрылымның қарқынды дамуы болып табылады. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу бағытын сақтай отырып, ҚазҰУ медицина-биологиялық және инновациялық ІТ кластерін қалыптастыру бойынша жұмыс жасауда, оның негізін жаңа суперкомпьютер құрайтын болады.

Университеттің әлемдік деңгейде танылуы сонымен бірге ҚазҰУ-дың тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Ғаламдық хабы ретіндегі белсенді қызметімен және оның халықаралық жобаларымен де байланысты. Олардың ішінде ҚазҰУ ұсынған инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделі бар.

Бүгінде ҚазҰУ-дың таңғаларлық тәжірибесін әлемнің жетекші университеттері зерттеу үстінде, бұл университеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орнының әлемдік ғылыми білім беру кеңістігіндегі артып келе жатқан рөлін ескере отырып, «QS Worldwide» Атқару кеңесі 2019 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде бүкіләлемдік форум және жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар