Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 378.90 EUR 422.74
RUB 5.87 CNY 54.80
Jańalyqtar

ҚазҰАУ Нидерланды университетімен бірігіп, маман даярлайтын болды

2019 жылғы 3 мамыр 17:04 484
Бөлісіңіз:
ҚазҰАУ Нидерланды университетімен бірігіп, маман даярлайтын болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұстаз-ғалымдарымен, жастармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Пәкістанда ҚазҰУ-дың ғылыми орталығы ашылды

Кездесуде университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов қонақтарға оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда ҚР Үкіметінің тапсырмасымен оқу орны әлемдік санаттағы білім ордасына айналып жатыр. Жаңа форматтағы мамандарды енді ҚазҰАУ Нидерландының Вагенинген университетімен бірге дайындайтын болады. Бұл университет - әлемдегі аграрлық мамандықтар бойынша  QS санатындағы мамандарды дайындайтын нөмірі бірінші ЖОО. Биыл оқу орнының базасында 2 инновациялық орталық пен зертхана ашуға мемлекеттік бюджеттен 1,9 млрд теңге қаражат бөлінеді. «Агроуниверситет» оқу тәжірибе шаруашылығында Агротехникалық парк ашылады. Сонымен қатар, Есік дендрологиялық паркі базасында Сиверс алма ағашы Ұлттық орталығын құру жоспарда бар», - деді Тілектес Есполов.

Ректор өз сөзінде Парламент депутаттары университеттің әр бастамасына, ғалымдардың ғылыми жобаларына үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Зағипа Балиева, Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Амангелді Дәуренбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, «Болашақ» Қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бақтияр Мәкен мемлекеттік бағдарламалар барысын түсіндіріп, жастардың заман талабына сай білім алуы, ғылыммен айналысуы және әлеуметтік мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Зағипа Яхияқызы жастардың ғылыммен айналысуына, оларға әлеуметтік көмек көрсетуге, жалпы аграрлық ғылымды қолдауға халық қалаулылары барынша оң ықпал жасайтынын атап өтті.

Мәжілістегі Аграрлық комитеттің мүшесі, білікті маман Амангелді Дәуренбаев ауылды көркейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың әлі де жетілдіруге тиіс тұстары бар екеніне тоқталып, университет ұжымы мен студенттердің талап-тілектерін ескере отырып, тиісті органдарға арнайы сауал жіберетінін айтты.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегі Бақтияр Мәкен өз сөзінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі мемлекеттің ерекше назарында тұрғанын атап өттті. Оның сөзінше, жастардың жаңа білім алуына Қазақстанда мүмкіндіктер мол. Ол мұны нақты мысалдармен айтып өтті.

Қазіргі кезде оқу орнының жетістіктерімен қатар, әлі де толық шешімін таппай тұрған мәселелер де аз емес. Уақыт жылдам өзгеріп, білім, ғылым, өндіріске қойылатын талаптар күшеюде. Агроөнеркәсіптік кешенге жаңа инновациялық технологиялар енгізілуде. Сондықтан, бәсекеге қабілетті, жаңаша ойлайтын, тиімді шешімдер қабылдай алатын, инновацияға бейім мамандар дайындаудың жаңа бағыттарын дамыту көзделіп отыр. Отандық кадрларды даярлау, академиялық ұтқырлық аясын кеңейту, жаңа мамандықтар ашу, сұранысы жоғары мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты көбейту, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша әлі де түйінді мәселелер бар.

Бүгінде университте білім алып жүрген жастардың 90% астамы - ауыл балалары. ҚазҰАУ студенттері басқа оқу орындарына қарағанда жатақханаға өте мұқтаж. Сондықтан университет басшылығы биыл 450 орындық «Студенттер үйін» салуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде оның құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті органдарға ұсыныс ретінде жіберілді.

Жиын барысында аталған мәселелерді тиімді шешу жолдары талқыланып, университет ұжымы мен білім алушы жастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Университет басшылығы депутаттарға сенім білдіріп, ұжым мен студент жастардың ұсыныстарын жазбаша түрде, арнайы хатпен жолдайтынын жеткізді.

Кездесу соңында қонақтар университеттің оқу-ғылыми инфрақұрылымын аралап, оқу орнының ғылыми инновациялық орталықтарында болып, жас ғалымдармен кездесті.

Депутаттар, сонымен қатар университет жанындағы «Нұрсұлтан Назарбаев білім және ғылым орталығы» жұмысымен танысып, бұл орталықтың терең мәні мен мазмұны жастарды тәрбиелеуге зор ықпал жасайтынын атап өтті.

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
MURAǴAT