ҚазТрансГазАймақтың Қызылорда филиалына 232 млн теңге айыппұл салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазТрансГаз Аймақтың Қызылорда филиалына 232 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы үшін тауарлық газды газ таратушы жүйелер арқылы тасылмалдау қызметіне 2020-2025 жылдарға ұзақ мерзімге тариф бекіткен.

2021 жылы жүргізілген талдау нәтижесінде, ТМРКД «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда филиалы тарапынан 2020 жылы бекітілген тарифтің орнына 2019 жылы қолданыста болған тарифті қолданып, салдарынан 1,420 млрд теңге негізсіз кіріс алғаны анықталды.

«Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда филиалына қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бекітілген тариф тағы да қолданылмай, ол 902, 613 млн теңге негізсіз кіріс тапқаны анықталды. Субъект-монополистің бұл әрекеттері «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 26-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес заң бұзушылық болып табылады.

Осыған байланысты, 2021 жылы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 164-бабының 5-бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, олар құқық қорғау органдарымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда филиалына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелуіне байланысты қысқартылған болатын», - деп жазды ведомстводан.

Бүгінгі таңда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда филиалына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің негізінде әкімшілік істер қайта қозғалып, сотқа мәні бойынша қарау үшін жолданған.

Сот отырыстарының нәтижесінде Қызылорда қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулыларымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда филиалы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған жалпы сомасы 232 292 872 теңге айыппұл салынды.

Соттың қаулылары заңды күшіне енбеді.


Соңғы жаңалықтар